Қытайда Бүркіт Аман есімді Қазақстан азаматы ұсталды. Оның отбасы ел билігінен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Туыстарының айтуынша, ер адам 9 қазанда Алматыдан Қытайдың Чжэнчжоу провинциясына ұшып кеткен.
"Ағам жақында достарымен бірге автосалон ашты. Содан кейін бәрі бірге Қытайға ұшып кетті. Екі күн бойы одан хабар ала алмадық. Кеше анасына телефон соғып, "Анашым, мені құтқарыңыз, мені жалған айыппен ұстады" деп айтыпты. Осыдан кейін байланыс бірден үзілді", – дейді оның әпкесі Ажар.
Осы хабардан кейін Бүркіттің анасы Қытайға жолға шыққан. Алайда туыстарының айтуынша, белгісіз адамдар адвокат болып танысып, көмек көрсету үшін 7 миллион теңге сұраған. Қорыққан ана оларға 1 миллион теңге аударып жіберген.
"Алғашында Бүркіттің достары оның ұсталғанын айтпады. Тек кеше кешке ғана мойындады. Күндіз ағам өзі хабарласқан, бірақ не үшін ұсталғанын түсіндірмеді. Ал достары "жай ғана төбелес болған, қылмыстық іс қозғалды, бірақ біз көмектесе алмаймыз елге қайтамыз" деді", – деп қосты Ажар.
Бүркіт Аманның отбасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми арыз жазған. Министрлік өкілдері екі консулдың бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.