Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Айдос Сұлтанғали Загребте (Хорватия) өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп жазады Alash.kz.
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сұлтанғали қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Финалда ол Өзбекстан өкілі Алишер Ганиевті 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіп, көптен күткен алтын жүлдені ел қоржынына салды.
Айта кетсек, Айдос Сұлтанғали бұған дейін екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері болған (2018, 2022).
Бұл – Қазақстан грек-рим күресінде 26 жылдан кейін алған алғашқы алтын медалі. Соңғы рет мұндай жетістікке 1999 жылы Мхитар Манукян қол жеткізіп, 63 келі салмақта әлем чемпионы атанған еді.