Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«25 мың теңге»: Көктөбедегі бағаның өсуіне қатысты саябақ өкілі тың мәлімдеме жасады (ФОТО)

18:57, 24 ақпан 2026

Алматы қаласындағы «Көктөбе» демалыс саябағының аумағына жеке автокөлікпен кіру құны ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап 25 000 теңгеге дейін ұлғайтылды, деп жазады Alash.kz.

Тарифтік саясаттағы бұл өзгерістердің негізгі себептері туралы саябақ өкілі Фархат Уәлиев ресми түсініктеме берді. Бұған дейін, атап айтқанда 2025 жылдың маусым айында жоғарғы станциядағы автотұрақ қызметінің құны 15 000 теңгені құраған болатын. Алайда ақпан айынан бастап аталған сома қайта қаралды.

Фархат Уәлиевтің айтуынша, бағаның өсуі кәсіпкерлік пайда табу емес, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Осы мәселеге қатысты маман келесідей мәлімдеме жасады: 

«Бұл – коммерциялық емес, экологиялық және санитарлық шарa. Көктөбе – бұл экологиялық аймақ. Біз жеке көліктердің кіруін шектеу үшін бағаны көтердік. Төменірек құн кезінде келушілер автокөліктермен кіріп, кептеліс тудыратын. Бұл жаяу туристерге қолайсыздықтар әкелді».

Сонымен қатар, саябақ әкімшілігі демалыс орнына жетудің баламалы жолдары ретінде аспалы жолды, арнайы шағын автобустарды және жаяу жүру бағыттарын ұсынады. Тұрғындар тарапынан маршруттық автобустардағы жол ақысының қымбаттауына қатысты туындаған сұрақтарға да жауап берілді. Өкілдің түсіндіруінше, бағаның өзгеруіне қосылған құн салығының (ҚҚС) артуы мен жалпы экономикалық факторлар әсер еткен.

Фархат Уәлиев автобус тарифіне қатысты мынадай уәж келтірді:

«Қазір бәрі қымбаттап жатыр: отын, қосалқы бөлшектер, жалақы. Жол таулы жерде орналасқан, сондықтан жанармай шығыны мен машиналардың тозуы үлкен шығындарды талап етеді. Осыған байланысты маршрутка бағасы да көтерілді».

Қазіргі таңда қолданыстағы тариф бойынша бір ересек адам үшін екі бағытта жүру құны 4000 теңгені құраса, балалар үшін билет бағасы 1800 теңге болып белгіленген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар