Ақмола облысында полиция қызметкерлері 2002 жылы жасалған қатыгез кісі өлімінің бетін ашты. Бұл – 23 жыл бойы “құпия” болып келген істің соңғы нүктесі. Заманауи ДНҚ технологиясы мен молекулалық-генетикалық сараптама қылмыскердің кім екенін дәл анықтауға мүмкіндік берген, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталына Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыс 2002 жылдың 4 қазанында Ақкөл қаласында болған. Сол күні 29 жастағы жергілікті тұрғын көшеде бейтаныс ер адаммен танысқаннан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Келесі күні оның зорлық белгілері бар денесі стадион маңындағы қоғамдық әжетханадан табылған. Сол кезде Ақмола облысының құқық қорғау органдары ауқымды іздеу және тергеу шараларын жүргізгенімен, күдіктінің жеке басын анықтау мүмкін болмаған.
Тергеушілер мен криминалистер қылмыс орнынан жиналған айғақтарды, соның ішінде биологиялық материалдарды сақтап қалған. Бұл дәлелдер көп жыл өткен соң заманауи ДНҚ сараптамасына мүмкіндік берді.
Уақыт өте келе ғылыми технологияның дамуы қылмыстық істерді жаңа деңгейде зерттеуге жол ашты. Мамандар сақталған айғақтарды қайта зерттеп, молекулалық-генетикалық сараптама жүргізді. Соның нәтижесінде қылмыскердің нақты ДНҚ профилі анықталды.
2025 жылдың 2 қазанында Ақмола облыстық прокуратурасының қолдауымен криминалдық полиция қызметкерлері күдікті ретінде 60 жастағы ер адамды ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция департаменті мұндай істердің ашылуы жазаның бұлжымайтындығын дәлелдейді дейді.
“Әрбір қылмыс түбінде өз бағасын алады. Уақыты келгенде әділдік орнайды. Бұрынғы жылдардағы ауыр және аса ауыр істер бойынша тергеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр”, – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.