Украинадағы әскери іс-қимылдар бойынша DeepState мониторингтік тобы 2025 жылдың қорытындысымен таныстырып, аумақтық өзгерістерге қатысты жаңартылған есеп жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қорытынды бойынша, өткен жыл Украина қорғанысы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, Ресей әскері басып алған аумақ көлемі елдің жалпы территориясының 1 пайызына да жетпеген.
Жарияланған статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы Ресей Украинаның 4336 шаршы шақырым жерін оккупациялаған. Бұл көрсеткіш мемлекеттің тұтас аумағының шамамен 0,72 пайызын құрайды. Ал 2023 жылдың басынан 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі үш жылдық кезеңді қамтитын есепте жаулап алынған жер көлемі 7463 шаршы шақырымға (жалпы аумақтың 1,23 пайызы) тең екені көрсетілген.

Мониторингтік топтың талдауы бойынша, кең ауқымды соғыс басталғалы бері Украинаның барлығы 116 165 шаршы шақырым аумағы Ресейдің бақылауына өткен. Қазіргі таңда мемлекет территориясының 19,25 пайызы оккупацияланған.