Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«20 жасар жігітке оқ жаудырып, оқиға орнынан қашып кеткен»: ШҚО-дағы қанды оқиға туралы сұмдық дерек шықты

15:57, 09 сәуір 2026

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында орын алған қарулы шабуылға қатысты екі күдікті қолға түсті, деп жазады Alash.kz. 

8 сәуірге қараған түні белгісіз тұлғалар 2005 жылы туған азаматқа оқ жаудырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта ауыр жараланған жас жігіт аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Өңірлік полиция департаменті аталған дерек бойынша «кісі өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғады.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілерді ізін суытпай анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмысқа пайдаланылған қару тәркіленіп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, шабуыл жасағандар оқиға орнынан автокөлікпен тайып тұрмақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел қимылының арқасында олар көп ұзамай құрықталды.

Полиция департаменті оқиғаның мән-жайы туралы былай деп мәлімдеді:

«8 сәуірде Зайсан аудандық полиция бөлімі кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Екі күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталды. Қару тәркіленді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде».

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жасөспірімнің арқасынан жараланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Құзырлы органдар тергеудің мүддесіне сай басқа мәліметтерді жариялаған жоқ. Тергеу амалдары жалғасуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар