Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"11,1 триллион рубль" - Ресей Украинадағы соғысқа қанша қаржы жұмсағанын бірінші рет жариялады

17:01, 18 желтоқсан 2025

Ресей билігі Украинадағы соғысқа жұмсалған қаржы көлемін алғаш рет ресми түрде атады. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.

Отырыста сөз сөйлеген Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусов 2025 жылы «арнайы әскери операцияға тікелей байланысты» шығындар ел бюджетінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 5,1 пайызын құрайтынын айтты. Министрдің бұл мәлімдемесі соғыс басталғалы бері ресми деңгейде жарияланған алғашқы нақты көрсеткіш ретінде бағаланып отыр.

Ал Ресейдің Экономикалық даму министрлігі жасаған макроэкономикалық болжамға сәйкес, 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі 217,3 триллион рубльге жетуі мүмкін. Осы деректерді негізге алғанда, Украинадағы соғысқа жұмсалған қаржы шамамен 11,1 триллион рубльді құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сома тек тікелей әскери шығындарды қамтиды. Яғни, қару-жарақ сатып алу, әскерді қамтамасыз ету, логистика және операциялық шығындар есепке алынған. Ал соғыс салдарынан туындаған жанама шығындар — экономикалық санкциялар, өндірістің баяулауы, әлеуметтік саладағы қосымша шығындар мен инфрақұрылымдық шығындар бұл көрсеткішке кірмейді.

Экономистердің айтуынша, әскери шығындардың ЖІӨ-дегі үлесінің 5 пайыздан асуы ел экономикасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Бұл әлеуметтік бағдарламаларға, білім беру мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының қысқаруына әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Украинадағы соғысқа кеткен нақты шығын көлемі тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың есептеулері арқылы ғана айтылып келген еді. Ал ресми органдар мұндай деректерді ашық жариялаудан тартынып келген.

Ресей Қорғаныс министрлігінің бұл мәлімдемесі соғыс шығындарының ауқымын алғаш рет ресми деңгейде айқындап, ел экономикасының әскери бағытқа қаншалықты тәуелді болып отырғанын көрсетеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар