Ауғанстан аумағында екі апта бойы толастамаған нөсер жауын салдарынан ірі табиғи апат орын алды, деп жазады Alash.kz.
Су тасқыны мен жер көшкіні елдің бірнеше аймағында ауыр зардаптарға әкеліп, адам шығынына себеп болды. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апаттан 110 адам көз жұмып, тағы 190 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Толассыз жауған жаңбырдан кейін туындаған сел мен көшкін елді мекендерді басып қалып, құтқару жұмыстарын қиындатқан. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, апат аймақтарында шұғыл шаралар жүргізіліп жатыр.
Билік өкілдері мен жергілікті қызметтер келтірілген шығын көлемін есептеп, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіру мәселесімен айналысуда. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін деген қауіп бар. Табиғи апаттың зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда.