Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"1000 бөтелке арақ тәркіленді": Қырғызстанда билікті басып алмақ болғандар ұсталды

18:38, 14 қараша 2024 456
 

Жексенбі күні Қырғыз Республикасында жергілікті басқару органдарына сайлау өтеді. Сол саяси шара қарсаңында үкіметті құлату мақсатында жаппай көтеріліс жоспарлады деген күдікпен жеті адам тұтқындалды, деп жазады Alash.KZ.

Елдің ішкі істер министрлігі сейсенбі күні мәлімдегендей, ұсталған адамдар тәртіпсіздікті өршіту үшін ел астанасы Бішкекте спорттық ойындар мен жарыстарды пайдалануға әрекеттенген.

"Ұлттық спорт ойындарының атын жамылып, олар зорлық-зомбылық әрекеттеріне шақыруды, конституцияға қайшы үндеулер жасауды және 17 қарашада билікті одан әрі күшпен басып алу мақсатымен жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген", – деп хабарлады осы министрлік.

Қамалғандардың арасында бірнеше шетел азаматы мен бас прокурордың бұрынғы орынбасары Әділ Кубанұлы бар.

Кубанұлын қауіпсіздік күштері үкіметті құлату мақсатындағы жаппай тәртіпсіздіктерге дайындықтың негізгі ұйымдастырушысы деп атады. Ішкі істер министрлігі оның ұйымдасқан топ құрды, қылмыстық топтарды қаржыландырды және билікті күшпен басып алмақ болды деген айыппен екі айға, яғни, 2025 жылдың 10 қаңтарына дейін қамауға алынғанын хабарлап отыр.

Айта кетейік, Кубанұлы 2024 жылдың сәуір айында Бас прокурордың орынбасары қызметінен босатылған болатын. Бұдан кейін президент Садыр Жапаров бас прокурор Құрманқұл Зулушев пен Табиғи ресурстар министрі Мелис Тұрғынбаевқа сөгіс жариялап, Кубанұлын қызметінен босатуды талап етті. Бұл шешімге табиғи ресурстар министрлігіне қарасты лицензиялау комиссиясының қызметіне прокурорлардың араласуы себеп болған.

Билік тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардан қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, сондай-ақ "халықты мас қылу үшін" 1000 бөтелке арақ, 2000 бөтелке су, бір тонна күріш және союға арналған жылқы тәркіледі.

inbusiness.kz сайтыныңм жазуынша, Қырғызстанда 17 қарашада бірнеше ауданда жергілікті кеңестерге сайлау өтеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар