Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын халықаралық іздеуге жарияланған Қазақстан азаматы Германия аумағында құрықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бас прокуратураның сұрауы бойынша экстрадицияланған күдіктіге 2014 жылы кәсіпкерді алдау арқылы аса ірі мөлшерде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр. Тергеу органдарының мәліметінше, алаяқтық жолмен иемденілген қаражат көлемі 1 миллион долларға жуықтайды. Қазіргі таңда күдікті елге жеткізіліп, тергеу амалдары қайта жанданды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, оқиға 2014 жылы орын алған. Күдікті өз сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, қазақстандық кәсіпкерге компьютерлік техника жеткізуге жәрдемдесетінін айтып, сеніміне кірген. Алайда уәдесін орындамастан, ірі көлемдегі қаражатты иемденіп, шетелге қашып кеткен. Содан бері ол халықаралық іздеуде болған еді.
2025 жылдың қыркүйегінде күдікті Германияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға жеткізілді. Ол 2014 жылы сыбайластарымен бірге компьютерлік техника жеткізуге көмектесу сылтауымен қазақстандық кәсіпкерді алдап, шамамен 1 миллион доллар қаражатын иемденген болатын».
Ендігі кезекте сот процесі басталып, айыпталушының кінәсі дәлелденсе, ол ауыр жазаға кесілуі мүмкін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.