Әуесқой бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Польшада өткен «Silesian Open» халықаралық турнирінде топ жарып, 10 алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды Alash.kz.
23-29 тамыз аралығында Гливице қаласында өткен дүбірлі бәсекеде отандық спортшылар жоғары дайындық көрсетіп, жалпы 10 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иеленді. Медальдар жиынтығы бойынша айқын басымдыққа ие болған жерлестеріміз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап шықты. Таратып айтсақ, U17 жас санатында Нұрайым Құдайберген (52 кг), Балым Ғабитқызы (60 кг), Мадина Нурманова (63 кг) және Аяулым Оспанова (70 кг) чемпион атанды.
Ал U19 жас өспірімдер арасында Асылай Мұрат (48 кг), Мадира Жұмахан (51 кг), Жанель Имантаева (54 кг), Камила Оспанова (70 кг), Алтынгүл Аймұхан (75 кг) мен Зарина Толыбай (+80 кг) қарсыластарынан басым түсіп, тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді. Сонымен қатар Ақнұр Тұрсынғали (60 кг) мен Айдана Убайдуллақызы (80 кг) күміс жүлдегер атанса, Марал Төлепберген (54 кг) мен Рамина Маханова (57 кг) қола медальды місе тұтты.
Айта кету керек, биылғы дәстүрлі турнирге әлемнің 18 елінен 200-ден астам былғары қолғап шебері қатысып, бақ сынаған болатын.