Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған құттықтаулар

11:50, 01 наурыз 2026

Алғыс айту күні  –  ізгілік пен мейірімділіктің, достық пен ризашылықтың, құрмет пен  тағзымның мерекесі.

Көктемнің бірінші күнімен, яғни 1 наурызбен тұспа-тұс келген бұл мерекенің өзіндік тарихы бар. 2016 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы»Жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілді.

1 наурыз – қиын заманда құшақ жая қарсы алған, бауырына басып, барын бөліп берген қонақжай қазақ халқына елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің  ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс айтатын күні. 

Тарихтың сұрапыл жылдарында, нақтырақ айтқанда,  сталиндік режим кезінде Қазақстанға 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары, т.б. ұлт өкілдерікөшіп келуге мәжбүр болған.

Алғыс айту күнінің басты мақсаты – тағдыр тәлкегімен қиын-қыстау  кезеңде  қазақ жеріне табан тіреген басқа ұлт өкілдері мен тұрғылықты қазақ халқының достығы мен сыйластығын дәріптеу.

Алғыс айту – ол бірлік пен ынтымақ, яғни  еліміздегі этностардың достығы мен татулығын, ауызбіршілігі мен сыйластығыннығайту.
Алғыс айту – ол  құрмет пен қамқорлық, қолдау мен  ізет: адамдардың бір-біріне өз ризашылығын білдіруі, шынайы ниетпен ізгі тілек айтуы, қамқорлық жасауы, көмек қолын созуы.
Алғыс айту – ол  бейбітшілік пентыныштықтың, келісім мен мейірбандықтың кепілі.
Алғыс айту – ол  тарихи тағзым:   елімізге жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдерініңжатсынбай өз бауырына басқан қазақ халқына шынайы алғысы.

Құттықтаулар:

Құрметті қазақстандықтар!

Көгілдір көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту күнімейірімділік пенризашылықтың, бірлік пен татулықтың, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын бейнесі.   Қилы тарихты басынан кешірген Қазақстан халқының бір-біріне деген шынайы ілтипатын білдіретін Алғыс айту күні құтты болсын!

***

Құрметті Отандастар!

1 наурызАлғыс айту күні  – еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің, тыныштық пен үндестіктің, татулық пен сыйластықтың айрықша символы.

Бұл күн, ең алдымен,  ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың, дархан халықтың шын пейіл көңіліне деген тағзымның белгсі. Бүгінде ұлты бөлек болса да,  Отаны бір  әртүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – адамгершілік пен ізгіліктің өнегелі өлшемі. Олай болса, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының болашағы жарқын, бағыты айқын бола бермек!

***

Құрметті жерлестер!

Қазақстан халқының бірлігін нығайтудың, қоғамдық келісім мен қайырымдылықты насихаттаудың,  жарқын болашаққа сеніммен қадам басудың басты кепілі – еліміздегі ұлттар мен этнос өкілдерінің сыйластығы мен татулығы, бір-біріне құрметі мен ізеті. Олай болса, бірлік пен татулық мерекесі – Алғыс айту күні құтты болсын!

Тарихы тереңде жатқан бұл мерекенің Қазақстан халқы үшін орны мен маңызы ерекше. Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен  қоныс аударып келген түрлі этнос өкілдерінің бұл күнде құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымының белгісі, елімізге  жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдерінің жатсынбай өз бауырына  басқан қазақ халқына шынайы алғысы. Сондықтан да бұл күн мейірімділік пен бауырмалдықтың, қамқорлық пен ізгіліктік мерекесі болып жасай берсін!

***

Құрметті ағайын!

Кең пейілді, ақкөңіл, жаны дархан қазақ халқы қашан да әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып, бата беріп  отырған. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Алғыспенен ер көгерер», Алтын деген жер сыйы, Алғыс деген ел сыйы» деген ұстанымдарды негіз еткен халықтың болашағы жарқын, ынтымақ-бірлігі берік, ерік-жігері мығым болмақ. Осындай құндылықтардың қадіріне жетіп, өскелең ұрпақтың санасына құйып, тыныштығымыз бен бірлігімізді ту етіп, зор сеніммен келешек күнге қадам баса берейік!  Ұлттық бірегейлігіміздің нышаны –  Алғыс айту күні құтты болсын!

***

Еліме алғыс – тірегім болған,

Жеріме алғыс –  қазбасы толған!

Далама алғыс – асты-үсті байлық

Халқыма алғыс – ырыс-құт қонған!

Бабама алғыс – тарихы тұнған,

Батыр ағалар – қашан да қорған!

Алашым, алғыс айтамын саған

Тарихтан ойып Тура жол салған!

 

Әкеме алғыс – маңдайдан өпкен,

Анама алғыс – мейірім төккен!

Бауырым, алғыс айтамын саған

Қолқанат болып артымнан ерген!

 

Көршіме алғыс – қазаны толған,

Досыма алғыс – жолыма құрбан!

Туған-туысым, айтамын алғыс

Қашан да қолдап, қорғаным болған!

***

Қанатты сөздер (афоризмдер) мен мақал-мәтелдер

«Қазақ халқы үшін – қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін – бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке».                                                                 


(Жазушы Камал Әлпейісова)

«Маған  «жоқ» деген адамдарға алғысымды білдіремін. Себебі, солардың арқасында бәріне өзім қол жеткіздім».                                                                                                   

(А.Эйнштейн)

«Әрқашан жұмыс жасаңыз. Әрқашан жақсы көріңіз. Өзіңнен гөрі әйелін мен балаларынды жақсы көр. Адамдардан алғыс күтпеңіз және егер сізге алғыс айтылмаса, уайымдамаңыз. Жек көрудің орнына нұсқау, жеккөрушіліктің орнына күлімсіреу».                                                                                                    

(Эпикур)

«Біреуге бір жақсылық жасап, одан бірден алғыс күтуге болмайды».                                                                                           

 (А.Куприн)

«Шын көңілден айтылған тілекке - шындықпен жауап беру парыз».                                                                                 

(Мұхтар Әуезов)

«Келген қонаққа достық көңіл, қонақжайлық пейіл таныту - үй иесінің борышы».                                                                                          

(Тоқсары)

«Ағаң келсе, ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе, құрметтеп, көңілін жайлағандай тындырымды ісің болғанға не жетсін».                                                                                 

 (Әйтеке Байбекұлы)

«Қам көңілдің қайғысына дауа бол,

Жолда шаршап шалдыққанға сая бол».


(Қожа Ахмет Йассауи)

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар