2024 жылы туған екі қыз бала 8 наурыз күні Павлодарда химиялық күйікпен ауруханаға жатқызылды. Олар үй жағдайында тазартқыш құралдың теріге тиюі салдарынан жарақат алған, деп хабарлайды Alash.kz.
Ең кіші қыз ауруханаға екінші және үшінші дәрежелі күйікпен жеткізілді.
Баланың сол жақ балтыры мен оң жақ саны зақымданған. Күйіктің жалпы ауданы 4% құрады.
«Екінші қыз бала, ол да 2024 жылы туған, 8 наурыз күні ауруханаға түсті. Оның оң жақ білек, қол, сан және іш қабырғасы күйік шалған. Күйік ауданы 7-8% құрады. Екі жағдайда да **күйікке «Азелит» тазартқыш құралының теріге тиюі себеп болған», – деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта дәрігерлер зардап шеккен балаларды емдеуде.
Мамандар ата-аналарға тұрмыстық химияның қауіпті екенін ескертіп, оны балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігін еске салады.