Атырау қаласында блогер Құралай Болатоваға шабуыл жасау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс қорытындыланды, деп жазады Alash.kz.
Сот процесі барысында оқиғаның мән-жайы мен айыпталушылардың кінәсі анықталды. Тергеу материалдарына сәйкес, құқық бұзушылыққа екі бойжеткен қатысқан. Жанжалдың туындауына Ыстамбұл қаласына сапар ұйымдастыру кезіндегі қаржылық мәселелер себеп болған. Сот анықтағандай, айыпталушылар жәбірленушіні қала сыртындағы зират аумағына күшпен алып шығып, сол жерде оған физикалық зақым келтірген. Кейіннен Құралай Болатованы күдіктілердің бірінің пәтеріне жеткізгені белгілі болды.
Сот отырысында жәбірленуші тарап кінәлі тұлғаларды нақты бас бостандығынан айыруды және келтірілген моральдық-материалдық шығындарды толық өтеуді сұрады. Өз кезегінде жауапкерлер азаматтық талаптардың көлемін азайтуды өтінді.

Сот шешімімен екі айыпталушының әрқайсысына бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жазаның орындалуы дәл осы мерзімге шегерілді. Сонымен қатар сотталғандардың әрқайсысынан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 1 миллион теңге және материалдық шығын үшін 2,9 миллион теңге өндірілді.