Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жастарды шыңдайтын дода

12 қазан 2022 108
Алматы облысы, Талғар қаласында грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасында турнир өтті. КСРО спорт шебері, грек-рим күресінен ел намысын аброймен қорғап, ұлттық құрама сапында әлемдік додаларджы олжа салған Есенжол Алимановты еске алуға арналған турнир  осымен екінші мәрте  ұйымдастырылып отыр.



Былтыр жалауын желбіреткен ашық чемпионатқа еліміздің әр өңірінен  балуандар қатысып бақтарын сынаған болатын. Биыл доданың аясы кеңіп, көрші қырғыз елінен де балғын балуандар келіп белдесуге түсті. Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев  басқаратын  Алматы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы һәм  грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Алматы облыстық федерациясының  мұрындық болуымен өткен дәстүрлі турнирде чемпион атанған балуандарға «спорт шеберлігіне үміткер» атағы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аранйы кубок, медалға қоса қаржылай сыйақыға да ие болды.

Жеткіншек балуандардың  додасын грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегерлері Алмат Кебісбаев, Демеу Жадраев, Қорлан Жақанша,  Дамир Күзембаев сынды даңқты балуандар арнайы келіп тамашалады. Турнирдің ашылу салтанатында Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан күрес түрлері  федерациясының президенті әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов,  «Ер – намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядин, «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек сөз алып, жас балуандарға  сәттілік тіледі. 2003-2005 жылы туған жастар арасында өткен екі күндік  турнирде балуандар 10 салмақ дәрежесінде күреске түсті. Қоғамдық бірлестік төрағасы өздерінің ұйымы атынан Дәулет Тұрлыхановқа «Ұлы Дала Батыры» орденін тағып марапаттаса,  Жандос Аянбек қырғыз елінен келген бапкерлердің кеудесіне  «Дружба народов Казахстана» орденін беріп  құрметін көрсетті.



«Біз бұл турнирді келешекте дәстүрлі түрде өткізіп,  еліміздің спорттық жарыстарының күнтізбелік жоспарына енгізсек дейміз. Атамыз өзінің туып-өскен өлкесі Ақтөбе облысынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері. Амал қанша, 2019 жылы 79 жасында өмірден озды. Ол кісінің қазақ спортына сіңірген еңбегі елдің есінде сақталады қашанда.  Биылғы турнирге қырғыз елінен балуандар  келсе, келесі жылы Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдерінен де балуандар шақырсақ дейміз. Жыл өткен сайын бұл турнирдің ауқымы кеңейе түседі» дейді доданың басты ұйымдастырушысы, кәсіпкер, Талғар аудандық мәслихатының депутаты Марат Алиманов.

Талғар төрінде екі күнге созылған турнир жас балуандарымыз үшін орасан тәжірибе алаңы болғаны анық,  өйткені «болат қайнауда шынығады» қашанда. Келешекте Есенжол Алиманов турнирінде чемпион болған балалар Олимпиада шыңында қол бұлғауы әбден мүмкін. Сондықтанда  мұндай турнирлердің жиі  ұйымдастырылғаны құптарлық іс.

Қуаныш Есімбай,

Талғар қаласы.          

    

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?