Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Зейнетақы ақшасын қайда аударған тиімді? 2026 жылдың 9 айында рекордтық табыс көрсеткен мекемелер белгілі болды

11:35, 27 қазан 2026

Қазақстанда 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерін басқаратын компаниялардың табыстылық көрсеткіштері өткен аймен салыстырғанда төмендеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын сенімгерлікпен басқаратын барлық жеке компаниялар Ұлттық банкке қарағанда жоғары табыстылық көрсеткен. Осылайша, жыл басынан бері «Сентрас Секьюритиз» – 11,87%, BCC Invest – 7,59%, Halyk Finance – 7,41%, Halyk Global Markets – 5,82% және Alatau City Invest – 5,69% табыстылыққа қол жеткізді. Ал 2026 жылғы 8 сәуірде зейнетақы активтерін басқаруды жаңадан бастаған Tansar Capital компаниясының табыстылығы 0% деңгейінде тіркелді.

Дегенмен, 6,9%-ды құраған жинақталған инфляция деңгейімен салыстырғанда, зейнетақы активтерінің нақты оң табыстылығын тек алғашқы үш жеке басқарушы компания ғана қамтамасыз ете алды.

Ал Ұлттық банк инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын БЖЗҚ-ның жыл басынан бергі табыстылығы 2,91% төңірегінде болды. Табыстың төмендеуі бұрынғысынша шетел валютасын қайта бағалау процестерімен түсіндіріледі. Бұл ретте БЖЗҚ өкілдері арнайы түсініктеме беріп, салымшылардың назарын мына мәселеге аударды:

«Зейнетақы активтерінің қысқа мерзімді кезеңдердегі табыстылығы басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіші болып табылмайды».

Сондай-ақ еліміздің зейнетақы жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер орын алуда. Қыркүйек айынан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке компанияларға аударуға рұқсат берілді. Сондай-ақ келесі жылдан бастап зейнетке шығатын БЖЗҚ салымшылары үшін табыстылық пен инфляция арасындағы айырмашылықты мемлекет тарапынан өтеп беру тәртібі жойылды.

Бұдан бөлек, Қазақстанның капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасына сәйкес, Ұлттық банк БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын инвестициялау құқығын жеке басқарушыларға біртіндеп бермек. Басқарушы ұйымдар конкурстық негізде таңдалып, оларға активтердің жекелеген бағыттарын басқаруға мандат беріледі. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардың субпортфелін қалыптастыру көзделіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар