Мәжіліс депутаты, "AMANAT" фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев соңғы уақытта әлеуметтік желілерде белең алып бара жатқан қауіпті пранктерге қатысты мәселе көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Ержан Жамаубаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның атына ресми депутаттық сауал жолдады, деп жазады Alash.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде "күлкі мен танымалдық үшін шектен шығаты" блогерлер көбейіп, қоғамда теріс үрдіс қалыптастырып отыр.
"Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр", – деді депутат.
Халық қалаулысы нақты мысалдар келтірді:
- Астанада блогерлер лифт ішіне жалған мәйіт салып, тұрғындарды әдейі шошытқан;
- Тағы бірі тапаншамен қорқытып, жұрттың үрейін ұшырған;
- Ал Алматыда пранкерлер аула сыпырушыларды мазақ етіп видео түсірген.
Сонымен қатар депутат отандық блогерлердің шетелде де ел имиджіне нұқсан келтіріп жүргенін атап өтті.
"Қытайда "ұрлық жасап жатқандай" бейнеролик түсірген Аружан Айбекова кейін Ташкентте тағы оғаш пранк жасап, шу тудырды. Бұл – жай ойын емес, қоғамға тікелей қауіп төндіретін әрекет", – деді ол.
Нартай Сәрсенғалиев жасанды интеллект көмегімен жасалатын пранктердің көбеюі де алаңдатарлық жайт екенін айтты. Мұндай контент жалған ақпарат таратып, адамдарды шатастыру қаупін күшейтеді.
"Бір блогер тірідей табытқа жатып, "24 сағат табытта" деген челлендж бастаған. Мұндай дүниелер адам психикасына кері әсер етіп, моральдық шектеуден асып кетеді", – деді депутат.
Осыған байланысты Нартай Аралбайұлы бірнеше нақты ұсыныс білдірді:
- Қоғамдық тәртіпті бұзған және жеке өмірге қол сұққан пранкерлердің бірыңғай тізімін жасау;
- Мұндай контент тарататын аккаунттарды дереу бұғаттау;
- Әлеуметтік желілер әкімшілігінен қауіпті пранктер туралы уәкілетті органдарға хабар беруін талап ету;
- Қоғам арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу.