Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Волонтер дәмханалардың иттің етін сатып алатынын айтты

08:48, 01 наурыз 2023 313
 


Қазақстанда иттің етін сату бизнеске айналған. Қазақстанның жануарларды қорғаушылар альянсының мүшесі Жанна Мамашеваның айтуынша, нарықта еттің келісі 700 теңгеден бағаланады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Экология министрлігі жанындағы жануарларды қорғау туралы заңды енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жанна Мамашеваның пікірінше, волонтерлерге итті сойып, етін сатумен айналысатындардың аты-жөндері белгілі.

«Егер Жамбыл облысы бойынша айтатын болсам, Ветеренария басқармасының 11 ветеренариялық стансасы, облыс бойынша 160 ветеринариялық пункт бар. Яғни, басқармада мемлекет берген барлық құзырет: бюджет, автокөлік, мамандар, жануарлар қорымы, бір сөзбен айтқанда иттерді сойып, етін сату үшін барлық жағдай бар. Иттің етінің келісін 700 теңгеден сатылатыны туралы ақпарат Таразда 2-3 жылдан бері айтылып келеді. Адамдар өздері телефон шалып, хабар береді. Ол тапсырысты орындайтын адамдардың аты-жөні мен көліктерінің нөмірлеріне дейін белгілі. Сондай-ақ үйдің иттерін сойып жатқанын көрген куәгерлер де бар», – деді ол.

Оның айтуынша, елімізде иесіз иттерді аулау ережесі бекітілген. Алайда ол ереже сақтала бермейді.
 

Тірідей аулап алса да, «адилин» деп аталатын медициналық препаратпен өлтіріледі. Ол жануардың тыныс алуын тоқтатып өлтіреді, алайда оның барлық ішкі органдары зақымданбайды, еті тамақ ретінде пайдалануға жарамды. Біз «Ақтөс» үйсіз жануарларды қорғау ұйымымен жануарларға арналған қорымдарының жанына азаматтық көліктердің келгенін тіркедік. Содан кейін ол жерден қан іздері мен қарғыбауын таптық. Қарғыбаудың болуы оның үйде өсірілген, иесі бар дегенді білдіреді. Мұндай жағдайда ветеринар итті аулап, тексеріп, интернет ресурстарға хабарлама беріп иесін іздеуге тиіс. Бұрын заң бойынша иттің иесі табылмаса, ол өлтірілетін. Қазіргі норма бойынша кастрациялап, есепке қойып, жіберіледі. Ветеренарлар оны мүлдем істемейді. Иесі бола тұра сойып тастайды, – деп қосты волонтер.

 

Еске сала кетейік, былтыр ит атқыштар қоғам белсендісі Жанна Мамашеваның «Персик» атты күшігін өлтірген болатын. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәселеге көңіл аударып, блогерге басу айтып, жауаптыларға ескерту жасаған еді.

Жанна Мамашева былтыр Тараз қаласындағы иттерді сойып, етін саудалау фактісі бойынша полицияға шағымданған. Алайда бір жылдан бері құзырлы органдардан жауап алғанын атап өтті.

«Өңірде ешкім проблеманы көтергісі келмейді, ақпарат әкімдікке жетеді. Олар Президент әкімшілігінің алдында облыстың негативті планда шыққанын қаламайды. Зооқорғаушылар шын мәнінде жағдайдың қандай екенін білеміз. Астанада волонтерлердің фактіні анықтап, видео, аудиожазба жүргізгені жақсы болды. Бұл барлық 20 өңірде бар. Өйткені заңның күшіне енгеніне бір жыл болды. Әлі бірде-бір өңірде панажай, иттерді тірідей тасымалдау үшін автокөлік, жануарлардың статистикасы жоқ. Бір апта бұрын біз қалада ветеринарлық станса қызметкерінің ауласында шанағы (кузов) өлген итке толы көліктің тұрғаны туралы жаздық. Оны ауладағы барлық тұрғындар, балалар көрді. Полиция тек айыппұл салып кетті», – деді Жанна Мамашева.

Сонымен қатар, ол Жануарларды қорғау туралы заң жергілікті жерлерде орындалмай отырғанын атап өтті.
 

Қабылданған заң дұрыс, тек жергілікті жерлерде саботаж жасалып жатыр. Егер оны орындайтын болса, ақша табуға мүмкіндік болмай қалады. Жалған шақыру деп бензиннен, жүргізушілерді алу деп еңбекақыдан, ит аулайтын мамандарды алып тағы бір жасайды. Қаншама адам айлық, ауланған әр ит үшін ақша алып, оған қоса етін сатып ақша тауып отыр. Бұл қылмыс, – деп толықтырды сөзін.

 

Бұған қоса, волонтер етті кімнің сатып алып жатқанына да тоқталды.

«Ол етті корей дәмханалары мен иттің майы ауруға ем деген фейк ақпаратқа сенетін адамдар алады. Қазір жылқы етінің килосы 4 000 теңге, қойдың еті  2500 теңге тұрады. Оның қасында иттің еті арзан, килосы 700 теңге. Біз әлі бәлішке алынып жатқан еттің сапасын тексерген жоқпыз. Сол сияқты көптеген шұжық цехтары бар», – деді волонтер.

Волонтер еліміздің барлық аумағында ит-мысықтардың есебін жүргізу керек деп есептейді. Ветеринарлар өз аумағының әр ауласындағы жануарларды білуге тиіс.

«Олар оны істемейді, негізгі жұмысы сібір жарасы мен бруцеллездың алдын алу деп ойлайды. Яғни әлі де советтік норма бойынша тек ауылшаруашылығы жануарларын ғана негізгі алады. Ит-мысықтар да есепке алынуы керек. Бұл жұмысты өздері істей алмаса, жануарларды қорғаумен айналысатын ұйымдарға істеуге мүмкіндік берсін. Біз адам тұрмақ, әр итті танимыз. Оларды есепке алу біз үшін ауыр жұмыс емес. Сондай-ақ басқарма бюджеті туралы айтпайды. Ветеринария басқармасы «17 721 бас ит ауланды» деп мәлімдеді. Мен Тараздағы әр итті білем, олар 17 мың итті ұстаған емес. Бір итті аулау құны 1 916 теңгеден бағаланады. Осылай санды көбейтіп, ақша жасайды», – деп қорытындылады Жанна Мамашева.

Сонымен қатар, белсенді жақын арада Жануарларды қорғаушылар альянсы еліміздің барлық өңірінде митингке шығатынын атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар