Жетісудың шекаралық Панфилов ауданында әлеуметтік сала инфрақұрылымдарын нығайту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Мәселен, денсаулық сақтау саласында соңғы екі жылда 18 нысан салынып, 3-уі жөндеуден өтті. Сол сияқты қиырдағы аймаққа жұмыс істеуге келген 17 дәрігер маманға жалпы сомасы 135 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген. Осындай шаралардың арқасында жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. Бұл жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, кейінгі екі жылда Шежін, Надек, Қырыққұдық, Алтыүй, Алмалы, Тұрпан, Ақжазық ауылдарында дәрігерлік амбулатория, Аққұдық, Диханқайрат, Сарытөбе, Садыр, Сұптай, Қорғас ауылдарында фельдшерлік акушерлік пункт және Қызылжиде, Дарбазақұм, Көктал-Арасан, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарында медициналық пункт салынып, аудандық аурухананың күндізгі стационар ғимараты және Сарыбел, Үшарал ауылдарында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілген. Ал аудандық аурухана ғимаратын қалпына келтіру мен жаңа блоктың құрылысын бастауға қаражат бөлінді, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.
- Бұл ретте медицина нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. 2024-2025 жылдары аудандық ауруханаға, Әулиеағаш, Нұркент, Алтыүй, Сарыбел, Қоңырөлең ауылдарына жалпы саны 6 санитарлық автокөлік сатып алынып берілді. Жыл соңына дейін аудандық аурухана 13 құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі, - деді Б. Исабаев.

Сол сияқты өңір басшысы білім саласындағы игі істерге де тоқталды. Мәселен, былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жаркент қаласында 1200 орындық мектеп салынса, биылғы жаңа оқу жылында Талды ауылында 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілген. Сұптай ауылында 120 орындық мектеп салынуда, келесі оқу маусымында пайдалануға беріледі. Әулиеағаш ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.
Сондай-ақ мәдениет нысандарынан биыл Тұрпан ауылдық
мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілсе, спорт саласында өткен жылы Үшарал ауылында 90 орындық спорттық кешен және Көктал ауылында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры есебінен спорттық кешен қолданысқа берілді.
Осылайша ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы сапалы медициналық көмек алу, алаңсыз оқу, бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндіктері артып, бұл өз кезегінде тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Жеңіс Ысқабай