Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында мектеп оқушылары арасында жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) күрт өсуіне байланысты бірқатар сыныптар уақытша онлайн форматқа ауыстырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда 23 мектептегі 169 сыныптан 3 015 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Сабаққа денсаулық жағдайына байланысты 30%-дан астам оқушы қатыспаған сыныптарда онлайн оқыту енгізілген. Бұл талап келесі білім ұйымдарына қатысты болды:
- Өскемен қаласындағы 18 мектеп;
- Күршім ауданындағы 3 мектеп;
- Ұлан ауданындағы 2 мектеп.
Қүзырлы орын өкілдері сабақты қашықтан оқыту форматы талапқа сай ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
Абай облысында да эпидемиологиялық жағдайға байланысты аймақтық штаб шешімімен бірқатар сыныптар онлайн оқуға жіберілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтың айтуынша, оқу жылы басталғалы бері 5 558 оқушы ЖРВИ жұқтырған, бұл өңірде тіркелген барлық вирус жұқтыру жағдайының 17,2%-ын құрайды. Сонымен қатар, 25 тұмау жағдайы анықталған.
Хабарламада келесідей ереже көрсетілген:
“Бір сыныпта оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырған кезде жалпы білім беретін ұйымдарда аралас форматқа көшіру шарасы қолданылады”, – делінген мәлімдемеде.
Алайда Абай облысында нақты қанша сыныптың онлайн оқуға ауысқаны әзірге көрсетілмеген.
Дәрігерлер ата-аналарға:
- қызуы бар, толық жазылмаған балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермеуді;
- қоғамдық көлікте және адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуды
ұсынады.
Айта кетейік, бұған дейін Бас санитар дәрігер де оқушылардың қандай жағдайда қашықтан оқуға ауысатынын түсіндірген болатын.