Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жасұлан Темірбаев атты азаматтың желіде "Болашақ" бағдарламасы туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Alash.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық Жасұлан Темірбаев әлеуметтік желідегі жазбасында "Болашақ" бағдарламасының комиссия мүшесі одан "орыс тілінде шала сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз" деп айтқанын мәлімдеді.
"Бұл ақиқатқа сай емес. Себебі бізде конкурстық процедуралар екі сатымен өтеді. Бірінші сатыда тест тапсырады. Екіншісінде тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері бүкіл сұхбат видеоға жазылады. Біз осы мәселені бірден қолға алдық. Видеоны қарағанда ондай сұрақтар сұралған жоқ. Бүгін бұл видео жарияланады. Неліктен бірден жарияламадық? Сарапшылардан ресми түрде рұқсат алуымыз керек еді. Себебі олардың да құқығы ескерілуі тиіс", - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
"Негізі осы азаматтарды ескерткім келеді. Бұл - арандатушылық. Менің осы талапкерге бір ғана сұрағым бар. "Болашақ" гранты тағайындалған жағдайда, осындай шағым жасаушы еді ме, жасамас па еді? Неге десеңіз, бұл азамат конкурстық процедурадан өткен жоқ. Қазір ол талапкерді халықаралық бағдарламалар орталығына шақырып, видеоны көрсетіп, бүкіл шағымды қарастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер келіспеген жағдайда, бір ғана жолы бар - ол сотта көрісу. Біздің бүкіл дәлеліміз бар", - деді Саясат Нұрбек.