Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Үйді Тоқаевқа беремін". Мақпал Жүнісова Нұрқаділовтен қалған үйін неге сатқысы келді?

17:13, 24 мамыр 2024 644

Халық әртісі Мақпал Жүнісова Instagram парақшасында Заманбек Нұрқаділовтің қос зәулім үйін сататынын айтып, желіге видео жүктеген еді. Әлгі бейнежазба әп-сәтте ғаламторға тарап, бірден қызу талқыға түскен. Аталған ақпараттан Нұрқаділовтің алғашқы отбасы да құлағдар екен. Сонымен, марқұмның мұрасы сақталған баспана кімге тиесілі? Қос тарап қандай шешімге келмек? Бұл туралы Alash.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігінің материалына сүйенеді.   

Әлеуметтік желідегі жұрттың назарына іліккен видеода Мақпал Жүнісова екі үйге ие бола алмайтынын ашық айтып, үкіметке өткізуге ниетті екенін жеткізген. 

"Зәке, сен мені кешір! Мен шаршадым. Мен сенің дүниеңді сақтап отырғаныма 20 жыл болады екен. Кешір мені. Егер де үкімет сенің дүниеңді алып кетпейтін болса, туған-туысқандарға таратып, мына үйді сатамын. Маған оңай болмай тұр. Сол үшін тойға барып жүрмін. Ай сайын сіздің үйіңізді сақтау үшін жүз мың теңге керек. Бұл жерде біз шомылмаймыз да, саунаға да түспейміз. Ешқандай затыңызды пайдаланған да жоқпыз. Бұл үйге газ жүргізілмеген, Зәке.
20 жыл бойы екі үйге 200 мың теңгеден төлеп келе жатырмын. Екі үйге де газ жүргізілмеген. Мен жылағым келеді, шаршадым, Зәке. Осы үйді Тоқаевқа беремін", – деді Халық әртісі.

Мақпал Жүнісованың жеке парақшасына жариялаған бұл бейнежазбасынан Заманбек Нұрқаділовтің алғашқы отбасы да хабардар екен. 

"Оны мен көрдім. Әкем тұрған үй қазір мұражай ғой. Мақпал өзі ашқан. Сол мұражай боп қалады деп ойлаймыз. Біз Мақпалмен кездесіп, сөйлесеміз. Одан кейін бір шешім шығамыз. Оны сатпайды. Менің ойымша, ол Мақпалдың айта салған жай әңгімесі шығар. Үкіметке өткізуге қарсымын. Бірақ үкіметте ондай ақша жоқ шығар, үкімет ол үйді алмайды", – дейді Қайрат Нұрқаділов. 

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен тақырыпқа қатысты Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі де пікір білдірді. 

"Мен ол үйді білмеймін, мен ол қорада жүрген емеспін. Зәкең өмірден кеткенде бір рет көргенмін. Содан кейін ол жердің көшесінен де, қорасынан де жүрген емеспін. Зәкеңнің бір Мақпал емес, он Мақпал келіншегі де болатын еді. Мен де маңдайы жарқыраған зәулім сарайдай үйде тұратын едім. Бірақ әңгіме басқада. Мен байлық іздеген жоқпын, адам іздедім. Ол кісімен 30 жылдай жақсы тұрдық. Ал қалған байлығын біз білмейміз. Балалар да, мен де білмеймін", – дейді Нұрбике Нұрқаділова.

Мақпал Жүнісова жариялаған видеоны марқұм Нұрқаділовтің замандастары мен бүгінгі қоғам белсенділері де көріпті. 

"Сүйегі шыққан, өмірінің соңғы кезі өткен үй ғой. Ол үйдегі заттар Мақпалдың иелігінде. Көңілі қалай қаласа, мұрағаттың заттары солай болады. Мақпалдан сұрау керек. Естідім, бірақ қалай істейтінін өзі шешеді, жеке меншігінде ғой. Оны үкіметке беріп, мұражай ашатын болса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Онда тұрған не бар?", – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.   
"Мұны мемлекет қарауына алу керек. Оны бір адам күтіп ұстауға шамасы жетпеуі әбден мүмкін. Оның тұрған үйі мұражайға айналды, қанша дегенмен де, Зәкеңнің тұтынған бұйымдары бар. Сондықтан Нұрқаділов мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер болғандықтан, оның үйін де қаланың тарихи орны ретінде қабылдау керек. Ол кісінің өмірінің соңғы сәттері де сол үйде өтті, соның іздері тұр. Ол тарихи мұрағат ретінде сақталуы керек. Мақпал Жүнісова осы уақытқа дейін ұстады, күтті, қарады. Онысына да рақмет айту керек шығар. Енді Мақпалдың да қаншалықты шамасы келеді? Жас ұлғаяды, күші кемиді. Сондықтан мемлекеттің қарауына алса тіпті жақсы болар еді", – дейді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы. 

Айта кетейік, күні кеше Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар