Шымкентте өз балаларын аяусыз қинап келген 29 жастағы келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Төрт баланың анасы балаларын мектепке жібермеген соң, жағдайды білуге келген мұғалімдер балалардың денесіндегі жарақаттарды көріп, бірден құқық қорғау органдарына хабар берген.
Қазіргі таңда зардап шеккен балалар әжесімен бірге ауруханада қажетті ем-дом қабылдап жатыр. Оқиғаның мән-жайын баяндаған әжесі Мұхаббат Ергешова қызының балаларға көрсеткен жәбірін естігенде жағасын ұстағанын айтады. Оның сөзінше, анасы балаларды тек ұрып қана қоймай, түрлі заттармен денелерін күйдіріп, азаптаған.
«Соңғы кездері нағыз сұмдық болды. Ол балаларды қатты ұрып-соғып жүрді, үтікпен күйдірді, темір заттармен сабады. Қошқарата өзеніне апарып, суық суға батырып, кейін үйге қайта әкеліп, ваннада да солай істейтін. Шаштарын қиып, жұлып тастайтын. Бірнеше жерінен сіріңкемен күйдірген. Шанышқыны газға қыздырып, сонымен балалардың аузын күйдіріпті. Немерелерім түнде жылап, «Ұрма, ұрма» деп жалынатын», - дейді Мұхаббат Ергешова.
Осы дерекке қатысты полиция тергеу амалдарын бастап, күдікті әйелді қамауға алды. Қазіргі уақытта жантүршігерлік оқиғаның толық егжей-тегжейі анықталып жатыр.