Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық киім - ойыншық емес». Депутат ұлт құндылығын қорғау мәселесіне үн қосты

18:30, 22 сәуір 2025 350

«Ұлт құндылығын мазақ еткендерге халықтың наразылық білдіре бастауы – жақсы құбылыс. Бұл - халық арасында ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық киімімізге, жалпы ұлтымыз бен мәдениетімізге тән дүниелерге деген қызығушылықтың артып, ұлт мұрасының жаңа деңгейге көтеріліп жатқанының көрінісі». Бұл пікірді Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, «Көкпар» федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

– Айдарбек Асанұлы, өзіңізді ұлт құндылығын терең бағалайтын азамат ретінде жақсы танимыз. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық киімін мазақ етіп, қорлаған бейнежазбалардың жиі таралуы ел ішінде үлкен резонанс тудырып отыр. Қазақтың ұлттық киімін мазақ ету – тұтас ұлтты қорлау емес пе? Ұлт мұрасын аяқасты еткендерге заң жүзінде тосқауыл қойыла ма? Мәжіліс депутаты ретінде ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын арнайы заң қажет деп санайсыз ба?

- Менің ойымша бізге екі бағытта жұмыс істеу керек.

Ұлт құндылығына қарсы әрекеттерді көргенде көп адам ызаланады. Ал мен керісінше, оған қуана қараймын. Себебін түсіндірейін. Бұрын біз осындай мәселелерді көтеріп, наразылық білдіріп жүрдік. Бірақ ол кезде халық арасында үлкен қолдау көрген жоқпыз. Қазір қарасақ, бір адам  ұлттық құндылығымызға қатысты кішкентай ғана қарсы әрекет жасаса, халық бірден наразылық білдіреді. Ол да бір жақсы белгі. 

Бұл - халық арасында ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық киімімізге, жалпы ұлтымыз бен мәдениетімізге тән дүниелерге деген қызығушылықтың артып, ұлт мұрасының жаңа деңгейге көтеріліп жатқанының көрінісі. Сол себепті, менің ойымша, наразылықтың болуы және біздің осы мәселені көтеріп жатқанымыз — өте жақсы құбылыс.

Екінші жағынан, әрине, бізге ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық рәміздерімізге қатысты нақты заң, ереже қажет.

Өзім депутат ретінде бұл мәселені көтеріп, ережені талап етемін. Ең бастысы — біз жұмсақ күш арқылы өз мәдениетіміздің ұлылығын таныта беруіміз керек. Мәселен, жуырда Ақтауда Наурыз мейрамына орай өткен іс-шарада 5000 адам қазақтың ұлттық киімін киіп, әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 

Әр оюдың, әр ұлттық киімнің өзіндік мән-мағынасы бар екенін Ақтаудағы қарындасымыз өте жақсы түсіндіріп берді. Әрқайсысының артында белгілі бір месседж жатыр. Мәселен, қыз баланың тұрмысқа шығып, келін атанғанын, тіпті екі-үш баласының бар екенін — мұның бәрін оның киген ұлттық киімінен-ақ аңғаруға болады. Сол себепті, егер біз осының барлығын көпшілікке тереңірек түсіндіріп, ұлттық киімнің мән-мағынасын дұрыс жеткізе білсек, менің ойымша, жастар да, барлығы да оны дұрыс қабылдайды. 

Міне, осындай әрекеттер арқылы біз халыққа, әсіресе ұлттық құндылықты жете түсіне бермейтін қаладағы қыз-келіншектерге, іні-бауырларымызға ұлттық болмысымыздың қаншалықты маңызды екенін көрсете аламыз. Ауылдан шыққан азаматтардың ұлттық құндылықты жоғары қоятынын былай да білеміз ғой. Сол себепті, мына сіз сияқты қамзол, тақия киіп жүрген азаматтарымыз көп болса, шапан киген аға-бауырларымыз көп болса, соғұрлым қоғам да оны дұрыс қабылдайды. “Ұлттық киім ойыншық емес. Мұнымен ойнау дұрыс емес екен, бұл біздің ата-бабамыздан келе жатқан баға жетпес мұра ғой” деп, ұлттық киімнің маңызын терең ұғына бастайды. Нәтижесінде мұндай келеңсіз жағдайлар да азаяды деп сенемін. 

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ұлт мүддесін қорғау жолындағы еселі еңбегіңіз нәтижелі болсын!

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар