Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"270 адам" - Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан қазақстандықтардың тізімі жарияланды

11:00, 18 қазан 2025 856

Украиндық «Хочу жить» жобасы Ресей жағында соғысып, көз жұмған Қазақстан азаматтарының тізімін жариялады, деп жазады Alash.KZ.

Ұйым мәліметінше, бұл тек аты-жөні белгілілері ғана. Негізі қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Тізімде кемінде 270 адам бар. Жобаның мәліметінше, нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін — кейбірі із-түссіз кеткен, кейбірінің аты-жөні анықталмаған.

Қаза тапқандардың ең жасы — 2005 жылы туған Андрей Богомолов, небәрі 19 жаста болған. Ең егдесі — 254-мотоатқыштар полкының сарбазы, 64 жастағы Александр Ялфимов.
Тізімге жалдамалы әскерлер де, Ресей мен Қазақстан аумағында жергілікті деңгейде жалдау арқылы соғысқа тартылғандар да кіреді.

Жоба авторларының айтуынша, қазақстандықтарды жалдау процесі әлі де жалғасып жатыр.

«Адамдарды түрмелерде, еңбек мигранттарының арасынан, сондай-ақ “Ресейде жоғары жалақылы жұмыс ұсынамыз” деп жарнама беретін жалған агенттіктер арқылы іздейді. Интернеттегі жарнамалар ТМД елдерінің азаматтарына арнайы бағытталған,» — дейді зерттеу тобы.

Сарапшылар Ресейдің соңғы уақытта алыс шетелден емес, тілі мен мәдениеті жақын көрші мемлекеттерден әскер жинауға басымдық беріп отырғанын айтады.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдегі соғысқа қатысқандарға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 172-бабы — «Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу» — бойынша 5 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру және азаматтықтан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар