Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты рейдерлік басып алу ісін қайта тексеруге жіберді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Тексеру Қарағанды кәсіпкері Қуат Ерментаевтың өтінішінен кейін қайта жанданды. Бұған дейін тергеу барысында іс “қылмыс құрамының болмауына байланысты” 2024 жылдың 22 ақпанында тоқтатылған еді. Алайда 2025 жылдың 9 қазанында Бас прокуратура бұл шешімді жойып, қосымша тергеу амалдарын жүргізуді тапсырды.
Берік Асыловтың айтуынша, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті қазір істі “жан-жақты және объективті” зерттеуде. Прокуратура тергеу барысын өз бақылауында ұстап отыр.
Айта кетейік, бұл іс “PORUS” ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 16 пайыздық үлесті заңсыз қайта тіркеу дерегіне байланысты қозғалған. Компания иесі Қуат Ерментаев бұл әрекетті Нұрбол Назарбаевтың ықпалымен жасалған корпоративтік рейд деп санайды.
Еске салсақ, 2025 жылғы 1 қазанда Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурорға ресми сауал жолдап, Нұрбол Назарбаевқа қатысты істі қайта жандандыруды сұраған болатын. Себебі, депутатқа бизнесінен айырылған бірнеше азамат арыз түсірген.
“Қарағандылық кәсіпкердің айтуынша, оның “PORUS” компаниясындағы үлесі Нұрбол Назарбаевтың нұсқауымен тартып алынған. Бұрын бұл туралы ашық айта алмадым, бірақ қазір зардап шеккен азаматтар бұл фактіні растап отыр”, — деді Ермұрат Бапи.
Бас прокуратура қазіргі таңда іс бойынша барлық жаңа дәлелдер ескеріліп, қосымша тергеу жүргізіліп жатқанын алға тартып отыр.