Қызылордада №198 мектептің 10-сынып оқушысы Олег Кимді сыныптастары ұрып-соққан. Оқиға 8 қазанда болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқушының анасы Наталья Кимнің айтуынша, жанжал “Күзгі бал” байқауының чатына байланысты шыққан. Сол чаттағы сөзталастан кейін алты жасөспірім Олегті әжетханаға “сөйлесуге” шақырып, сол жерде соққыға жыққан. Басқалары видеоға түсіріп, есікті іштен жауып тұрған.
Бастапқыда сынып жетекшісі ата-анасына баласы “баспалдақтан құлап, мұрнын жарақаттағанын” айтқан. Бірақ дәрігерлер оқушының жарақатының ауыр екенін анықтады. Eкі жерден жақ сүйегі, мұрны сынған және миы шайқалған.
Наталья Ким полицияға арыз жазғанымен, істі жабуға тырысу белгілері болғанын айтады. Оның сөзінше, өтінішінен “топтық соққы” және “ауыр жарақат” туралы жолдар өшіп кеткен, ал тергеуші сараптама тағайындамаған.
Қазір Олегке ота жасалып, жақ сүйегі темірмен бекітілген. Ол қайтадан сөйлеуді, тамақ ішуді және тыныс алуды үйреніп жатыр.
Шабуыл сәтінің видеосы біраз уақыт әлеуметтік желілерде тараған, кейін өшіріліп тасталған.