Lenovo компаниясының мемлекеттік мекемелермен жұмыс жөніндегі директоры Ермек Жақыпжановтың өліміне байланысты іс бойынша күдіктілердің бірі Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген Қазақстан азаматы ІІМ Интерпол орталық бюросының сұрауы бойынша Дубайда қолға түскен. Еске салайық, 2024 жылдың шілдесінде осы қылмыстың орындаушыларының бірі Әзербайжаннан Қазақстанға экстрадицияланған болатын.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол сыбайласымен бірге Жақыпжановты кездесу сылтауымен алдап шақырған. Кейін оны есінен танғанша ұрып-соғып, шамамен 40 миллион теңге көлеміндегі мүлкін тартып алған, содан соң оңтүстік астанадан тыс жерге апарып өлтірген.
“Қылмысты орындаған екі адам да қамауға алынды”, — деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.