Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Құшаман ауылында 13 жастағы жасөспірім оқ тиген жарақаттан көз жұмды, Alash.kz.
2012 жылы туған екі сыныптас бала түнгі уақытта аң аулауға шыққан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар қоян аулап жүрген. Бірі жаралаған аңды іздеп кеткен сәтте, екіншісі қоянды тоқтатпақ болып тағы оқ атқан. Алайда оқ абайсызда досына тиіп, жасөспірім сол жерде қаза болған.
Полиция департаменті мәлімдегендей, оқиға бойынша “абайсызда адам өліміне себеп болу” бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған.
“Күдікті анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта істі жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған барлық қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, балалардың қараусыз қалып, атыс қаруына қол жеткізуіне жол берген ата-аналардың жауапкершілігі де қарастырылуда”, — делінген ресми хабарламада.