АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға алыс қашықтықтағы Tomahawk қанатты зымырандарын беруді жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Alash.KZ сайты Axios агенттігіне сілтеме жасап.
Вашингтонда Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің келіссөзі өтті. Украина басшысы бұл кездесуден кейін АҚШ-тан стратегиялық зымырандар алуға үміттенген еді, алайда келіссөздер нақты нәтиже бермеген.
Ақ үй басшысы басты мақсат – соғысты тоқтатып, дипломатиялық шешім табу екенін айтып, ауыр қару-жарақ жеткізу қақтығысты одан әрі өршітуі мүмкін екенін ескерткен.
«Біз Трамп мырзамен Tomahawk мәселесін жария етпеуге уағдаластық. АҚШ жағдайдың шиеленісуін қаламайды», – деді Зеленский кездесу қорытындысында.
Ол сондай-ақ зымырандарға қатысты үмітін үзбегенімен, жағдайды реалистік тұрғыдан бағалап отырғанын айтты.
Келіссөз барысында тараптар территориялық шекаралар мен атысты тоқтату мәселесін де талқылаған. Зеленский Трамптың оқ ату әрекеттерін тоқтатып, қазіргі позицияларды сақтап қалу жөніндегі ұсынысын қолдаған.
Бұған дейін Дональд Трамптың алдағы апталарда Ресей президенті Владимир Путинмен Венгрияда кездесуі жоспарланып отырғаны хабарланған. Кездесуде бейбіт келісім жоспары қарастырылуы мүмкін.