Әнші Төреғали Төреәлінің 33 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып, елді аралаған ауқымды «Tore show» жобасынан кейін үлкен қаржылық дау туындады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жобада бастан-аяқ қызмет еткен астаналық тұрғын еңбекақысын бір жылдан бері ала алмай жүргенін айтып, ашығын жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты шағымданған Руслан Ташбаев продюсерлік орталық тарапынан әділетсіздікке тап болғанын ашына баяндады. Оның айтуынша, бұл концерт тура бір жыл бұрын өтіп, олар Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, жеке концерттің өтуіне белсене атсалысқан. Алайда атқарылған жұмыстың ақысы әлі күнге дейін төленбеген көрінеді. Осы орайда Руслан Ташбаев өз сөзінде төмендегідей мәлімдеме жасады:
«Өкінішке қарай, Tore show үшін төленуі тиіс ақшамды толық ала алмадым. Мен ғана емес, Нази есімді әріптесім де еңбекақысын алған жоқ. Қазір екеуміз де істеген жұмысымыздың ақысын алу үшін күресіп жүрміз. Бұл мәселені шешу мақсатында продюсерлік орталыққа талай хабарласып келеміз. Алайда нақты жауап ала алмай отырмыз. Ақшаның қашан төленетіні белгісіз, ешкім нақты мерзім айтпайды. Бастапқыда біз ауызша бір сомаға келістік. Кейін келісімшарт жіберілген кезде ондағы сома бастапқы келісілгеннен сәл өзгеше болып шықты. Келісімшартта көрсетілген ақшаның өзін де әлі алған жоқпын. Қажет болса, сотқа жүгінемін», — деп ашынды ол.
Аталған жанжалдың мән-жайын толық анықтау мақсатында тілшілер продюсер Жан Мұқановқа хабарласқан болатын. Алайда продюсер ресми сұқбат беруден үзділді-кесілді бас тартып, бұл айтылып жатқан ақпараттардың барлығы шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Ол еңбекақысын даулап жүрген азаматтарды мүлде танымайтынын мәлімдеді.