Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев қазақ қыздарының намысына тиетін сөздер айтқан стримерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Ресей Федерациясының азаматтары Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы, яғни ұлтаралық араздықты қоздыру дерегі бойынша іс тіркелді.
Бұған дейін аталған тұлғалар ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған болатын. Алайда тергеу бағыты өзгеріп, олардың іс-әрекетіне қылмыстық сипаттама берілді.
Бұл мәселе бойынша Алматы қалалық полиция департаментіне белсенді Диас Құзаиров ресми арыз түсірген. Ол өз өтінішінде стримерлерді ұлтаралық араздықты тудырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартты. Белсендінің уәжінше, бұл блогерлер бұған дейін де Қазақстан аумағында осыған ұқсас әрекеттер жасаған, бірақ оларға қатысты бұрын тиісті құқықтық шаралар жүзеге асырылмаған.