Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт батырлары ұлықталды

10:09, 15 желтоқсан 2022 242

Бүгін ҰҚК Шекара академиясында өздерінің жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдерін мәңгілік ету мақсатында орнатылған ескерткіш тақтаның шымылдығы түрілді.




Ескерткіш тақтаға ҚР ҰҚК Шекара академиясында әр жылдары білім алған түлектер мен курсанттардың аты-жөндері жазылған. Академия бастығы полковник П.Поливанов ашқан шараға жеке құраммен бірге қаза тапқандардың ата-ана, туыстары қатысты.

Шекара академиясының Жауынгерлік Туы ортаға келтірілген соң әскери білім ордасының басшысы жиналған қауымға арнаған өз сөзінде:

- Біз бүгін тарихи оқиғаны бастан кешіріп тұрмыз. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген. Олар көздері жұмылғанша өздерінің Отанына берген анттарына адал бола білді. Шекарашы офицер деген қастерлі атаққа адалдық танытқан біздің түлектеріміз бен курсанттарымыз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, - деді.

Мұнан кейін қолдарына бір шумақ гүлдерін көтерген қалың жұртшылық ескерткіш тақта орнатылған жерге қарай бет алды. Мемориалдық тақтаның шымылдығы түсірілер алдында қарауыл бастығы «Қарауыл! Тік тұр!» деп пәрмен берді.

Әрі қарай, қаза тапқандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Тарихтың қойнауына кетіп жатқан әрбір секунд – есімдері мәрмәр тастың бетіне қашап жазылған ұлт батырларының жарқын бейнелерін еске салып тұр еді...

Мемлекеттік әнұран орындалып, ескерткіш тақтаның алдына гүл шоқтары қойылған соң бүгінгі ауқымды шараның негізгі бөліміне де кезек келіп жеткен.

...Орталық алаңдағы мінбердің алдына қайта оралған жиынға қатысушылардың алдында бірінші сөз сөйлеу – 3-ші оқу дивизионының курсанты Жақсылық Айдарбековке берілді. Болашақ шекарашы офицер қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-ана, туыстарына арнаған сөзінде:

- Біз шекара академиясының қабырғасынан түлеп ұшқан офицерлер мен курсанттардың Отан алдындағы ерліктеріне басымызды иіп тұрып, есімдері жүрегімізде жазылған ұлт батырларының атына кір келтірмейміз. Олар – біз үшін үлгі! Бізді ерлікке жетелейді! деді.

Мұнан кейін сөз тізгіні академия басшысы полковник П.Поливанов, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының төрағасы запастағы генерал-майор М.Мажитов және ата-аналарға берілді.

Жиынның соңы жеке құрамның салтанатты шеруіне ұласты.

Бұдан әрі академияның асханасында қаза болғандардың рухына бағышталып, ас берілді.

Ж.Жабырбеков, ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы

Суреттерді түсірген автор

  

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар