Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Шымкент қаласы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімнің күшін жойды. Ол аса ірі мөлшерде пара алу және ақшаны жылыстату айыптары бойынша 12 жылға сотталған. Енді іс қайта қаралады. Бұл туралы Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбеков Instagram-парақшасында хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Қорғаушының айтуынша, кассациялық сот алқабилердің дауыс беру тәртібіне қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған.
«Бұл – соттың маңызды шешімі әрі заңдылық пен әділдік жолындағы күрестің елеулі кезеңі. Күрес жалғасып жатыр», - деп жазды адвокат.
Сарбасовқа қандай айып тағылған?
Іс 2019-2020 жылдардағы оқиғаларға байланысты. Тергеу нұсқасы бойынша, Сарбасов кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызыдан колледжге қамқорлық көрсету үшін 45 млн теңге, ал жекеменшік мектепке көмектесу үшін тағы 70 млн теңге алған.
Айыптау тарапының мәліметінше, ол кәсіпкердің бизнесін тексерулерден қорғауға уәде беріп, алған ақшасына екі пәтер мен жол талғамайтын көлік сатып алған.
Бірінші сатыдағы сот Сарбасовты аса ірі мөлшерде пара алу, ақшаны жылыстату және қызметтік әрекетсіздік жасады деп таныған. Оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, подполковник шенінен айрылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуіне тыйым салынған.
2026 жылғы қаңтарда Шымкент қаласының апелляциялық соты Сарбасовқа пәтерін қайтару және сатылған Toyota Land Cruiser 200 көлігі үшін 17 млн теңге өндіріп алу туралы шешімнің күшін жойды. Алайда 12 жылдық жаза мен мемлекет кірісіне 70 млн теңге өндіру туралы шешім өзгеріссіз қалды.
Қорғау тарапы қандай уәж айтты?
Адвокаттар айыптаудың негізі кәсіпкер Дүйсенқызының көрсетулері ғана екенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, кәсіпкер Сарбасов туралы алғаш рет 2023 жылы айтқан. Оның өзі де бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тергеуге тартылған.
«Айыптау тек бір мүдделі адамның көрсетулеріне негізделген. Мен мұндай істі алғаш рет көріп отырмын», - деген еді Әсілбеков.
Қорғау тарапының мәліметінше, сот кәсіпкер ұсынған аудиожазбаларды дәлел ретінде қабылдамаған. Себебі жазбалар ҰҚК қызметкерлерінің қызметтік диктофонына түсірілген. Адвокат алқабилердің аудармашыны шеттету мәселесін талқылағанын, ал сот барысында судьяның өзі аударма жасағанын да атап өткен.
Ал Сарбасовтың әйелі Динара Сарбасова істегі дәлелдердің жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
«Біз екі жылдан бері тозақта өмір сүріп келеміз, ал дәлел мүлде жоқ. Хат алмасу да, ақша аударымдары да, ештеңе жоқ», - деді ол.