Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Үйқамақтағы Әйгерім Тілеужанның мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде сайлауға қатысуына кедергі жоқ

09:56, 27 ақпан 2023 311
Бүгін, 27 ақпанда Қазақстан Жоғарғы соты қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужаннның "мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде сайлауға қатысуына кедергі жоқ" деген шешім шығарды.



"Алматыдағы №3 бір мандатты аумақтық сайлау округінің сайлау комиссиясының хаттамасы заңсыз деп танылды. Олқылықты түзеу туралы шешім шығарылды. Бұл - түпкілікті шешім", -деді судья Берік Нәжімеденов.

Алматыдағы №3 бір мандатты аумақтық сайлау округі Әйгерім Тілеужанды 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан. 18 ақпанда комиссия мүшелері Әйгерім Тілеужанның сайлау жарнасын төлегені тралы банк мәліметіне күмән келтірген.

"Әйгерім Тілеужан 17 ақпанда жарна төлегені туралы түбіртек ұсынды. Үміткерді тіркеуге негіз болатын құжатты үйқамақта отырып ұсынғандықтан, құжаттың дұрыстығы күмән туғызады" деп жазылған сайлау комиссиясының хаттамасында.

Әйгерім Тілеужан сайлау жарнасын сенімді өкілі арқылы төлегенін, оның заңға қайшы емес екенін алға тартып, Жоғарғы сотқа шағымданған.

Сот кезінде судья Әйгерім Тілеужанның сайлау жарнасын төлегені туралы құжатты банк растағанын айтты. Банк анықтамасында 17 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының арнаулы шотына Әйгерім Тілеужан атынан бір миллион елу мың теңге ақша түскені жазылған.

Бұдан кейін аумақтық сайлау округы өкілі "өздеріне прокуратурадан хат келгенін, онда үйқамақта отырған Әйгерім Тілеужанның сайлауға қатысқаны оған қойылған шектеуге, яғни үйқамақ шарасына қайшы келетінін және қылмыстық істің объективті тергелуіне кедергі болуы мүмкін екені" жазылғанын айтты.

"Сайлау туралы" заңда үйқамақтағы адамды үміткер ретінде тіркемеу жөнінде жазылған ба?- деп сұрады судья.Алайда аумақтық сайлау округінің өкілі "прокуратураның сөзін орындауға міндеттіміз" деп қана жауап берді. Судья азаматтың үйқамақта болғаны оның үміткер ретінде тіркелуіне кедергі емес екенін заң бойынша түсіндірді.

Адвокат Айнара Айдархан Әйгерім Тілеужаннның сайлау комиссиясына қайта тіркеліп, сайлау кампаниясына кірісетінін айтты.

Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенді Әйгерім Тілеужанды екі айға үйқамаққа алу туралы 2022 жылы 17 қарашада шешім шығарған. Оған байланыс құралдарына пайдалануға, әлеуметтік желіге жазуға тыйым салған.

Биыл қаңтарда Қазақстан парламентінде өткен тыңдау кезінде бас прокурор Берік Асылов Әйгерім Тілеужанды Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырушы ретінде атаған.

Былтыр қазан айының соңында Әйгерім Тілеужан өзін Қаңтар оқиғасымен байланысты істе куәгерден күдіктіге ауыстырғанын хабарлаған еді. Айтуынша, ол 5 қаңтарда Алматы әуежайында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайға барғанын мойындаған, бірақ "әуежайды басып алу әрекетін ұйымдастырды" деген айыпты жоққа шығарған.



[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар