Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұйғыр ауданының аты ауыса ма?

05:58, 11 сәуір 2022 269
Еңбекшіқазақ ауданын – Алтын Адам ауданы деп өзгертсек деп ұсыныс тастады Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бастама қазір өңірлерде қызу орындалып жатыр: жаңа Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарын бөлу үрдісі жалғасуда. Алматы облысының әкімдігі Қапшағайға көшті. Осы тарихи үрдістердің қалай жүріп жатқанын көріп, «Қоныс құтты, жайлы һәм берекелі болсын!» айтып, барып қайттым. Аймақ басшысы Қанат Бозымбаевпен кездестім, халықты алаңдатқан түрлі мәселелерді талқыладық. Жергілікті тұрғындармен де жүздестім, деп жазды ол.

Депутат сапар барысында, жұртшылықпен әңгімелесуде ойға түйгенімен бөлісе отырды.
Жалпы, Президентіміздің жаңа облыстарды құру қадамының мәні де, мағынасы да терең: ол тек бір облысты екіге бөле салуды ғана қарастырмайды, сонымен бірге президенттік бастама Қазақстанымыздың әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруді көздейді. Оның аясында облыстар мен елді мекендердің атауларына қатысты өзгерістер де пысықталғаны маңызды. Қапшағай қаласының атауында Дінмұхамед Қонаевтың есімі ұлықталады. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтергені мәлім. 25 наурызда жергілікті мәслихат депутаттары қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныс негізінде қаланы «Дінмұхамед Қонаев» деп атау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді қала атауын өзгерту туралы ақырғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдап, Жарлық шығарады деп күтілуде, - деп жазды Бақытбек Смағұл.

Бірақ пікірталас жалғасып жатқан көрінеді.
Кейбір тұрғындар кеңес кезінен жабысқан орысша «-ев» жалғауына назар аудартып, Қапшағайды «Дін-Мұхаммед» деп атауды ұсынады. Мысалы, Мысырда демалған, саяхаттаған азаматтар Египеттің мақтанышы – Ұлттық парк орналасқан өлке Рас-Мұхаммед деп аталатынын біледі. Бұл – бүкіл әлемге танымал бренд. Ендеше Қазақстанның курорттық бір аймағында, жаңа облысымыздың орталығында Дін-Мұхаммед деген қазаққа да, ислам әлеміне де жақын ұғым салтанат құрса, ол да оңды. Оның үстіне Украинадағы соғыстан кейін қазақтар түгіл, өзге ұлттардың өкілдері де -ов, -ев, -ин жалғауларынан арылуға тілек білдіріп жатыр дегенді естідім, - дейді депутат.

Депутат Алматы ауданындағы Еңбекшіқазақ ауданының кеңес идеологиясына жақын атауын жойып, «Алтын адам ауданы» деп атауды ұсынады.
Қазақ жері ҰЛЫ БАБАЛАР – Алтын Адамдар өмір сүрген өңір. Бүкіл әлемдік қоғамдастықты таң-тамаша қалдырған, баршасын қызыға да қызғана қаратқан, бірақ тылсым сырларын адамзатқа әлі ашпаған «Алтын адам» алдымен Алматы облысындағы осы Есік өлкесінен табылды. Содан кейін Қазақстанның әр түкпірінен өзге де «Алтын адамдар» табылды деген ақпарат болды. Алтын адамдардың белгілері табылған сайын, тек шетелдік археологтар ғана емес, жаһан жұртшылығы жалт қарап, құлағын түріп, қазақ жерінің «Алтын адамдар мекені» екенін мойындай түсті. Мұның бәрі – біздің құны өлшеусіз құндылығымыз, - деді ол.

Дүниежүзінде өне-бойы толық алтыннан құйылған жәдігер қанша іздесе де, планетамыздағы басқа бірде бір жерден, бірде бір елден табылған емес! Бұл байырғы бай мәдениетіміздің мұрасы. Ұлы өркениетіміздің куәсі. Ол – біздің өнеріміздің де, мәдениетіміздің де, тарихымыздың да тереңде екендігін дәлелдейтін, әлем санасатын айғақ. Ендеше Алтын Адам атауы тұтас бір ауданда ұлықталса, құба-құп.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлемде алапат геосаяси дауыл өршігенін мәлімдеді. Осынау алмағайып заманда, Жаңа Қазақстанда халқымыздың бірлігін, ынтымақты тірлігін күшейтетін тың қадамдар жасалғаны жөн. «Үлкен мақсаттарға жол кішкентай қадамнан басталады» дегендей, осы жолда халықты алаңдатқан әрбір өзекті мәселені шешуге мән беруге тиіспіз. Ауыл-аймақты аралағанда маған әр өңірдің адамдары бір сұрақты қойып жүр: ол Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының атауына қатысты. Бұл мәселенің көтерілгеніне ұзақ жыл болды. Ол жайында қоғам белсенділері талай ашық хат жазды. Баспасөз беттерінде қаншама мақала жарияланды. «Осы ескі проблема Жаңа Қазақстанға көше ме?» деп сұрайды жұртшылық, - деп жазды ол.

Төмендегі айтпағым – елдің пікірі. Сонымен бірге, ғалымдар мен зерттеушілер Ұйғыр ауданының атауын ауыстырудың орынды екенін айғақтайтын бірнеше дәлел-дәйекті алға тартты. Мен талқылауға тамыздық ретінде ортаға салып отырмын.

Сарапшылардың бірінші дәйегі – аудандарға қандай да бір ұлттың атауын бермеген жөн дейді. Өйткені ондай жағдайда өлке эксклавқа айналып кетеді. Ауданның осылай аталуы – Кеңес заманында қолданылған «бөліп ал да, билей бер» қитұрқы саясатының нәтижесі болса керек.

Екіншіден, бұл атау – өлкедегі әлеуметтік шиеленіске жанама болса да, ықпал ететін факторға айналыпты. Себебі, кейде тұрмыстық жанжалдар кезде «ауданның иесі кім екенін ұмытпа!», «ауданға атын берген ұлттың кім екенін біліп ал!» деген сияқты «кесір, қысыр дәйектеме» алға тартылады екен. Тіпті мектеп оқушылары төбелессе де, «бұл біздің аудан!» деп жұдырықтасатынын тұрғындар айтып еді. Яғни, үй арасындағы қарапайым тайталас саяси сипат алып кетеді. Демек, аудан атауын өзгерту арқылы тұрмыстық жанжалдардың саясилануына тоқтау саламыз.

Үшіншіден, 1934 жылы кеңестік идеология негізінде құрылған Ұйғыр ауданы – Қазақстандағы нақты бір ұлттың атымен аталатын жалғыз аудан. Әйтпесе, өзге этностар да өз ұлтының атын ауданға телуді сұрауы ғажап емес.

Төртіншіден, шетелден келген қонақтарға жер атаулары қазақ тарихынан мағлұмат беріп тұруы қажет. Әйтпесе, карталарда Қазақстан жерінде Ұйғыр ауданының болуы әлем жұртшылығын жаңылыстырады, халықаралық қоғамдастық ұйғыр мемлекеті осында орналасқан шығар деп ойлауы мүмкін. Сондай-ақ бұл жайт көрші ҚХР-дағы жаһанды алаңдатқан аумақтық дауды қазақ еліне көшіргендей болады.

Бесіншіден, атауды өзгерту – 1881 жылғы «Петербор шарты» негізінде Қытай өкіметінің қудалауынан құтылып, қазақ елін, Жетісу жерін қоныстанған, өркен жайған бақытты ұйғыр этносының қазіргі ұрпағының Қазақ халқына АЛҒЫС білдіруінің бір белгісі болмақ. Сондықтан аудан атын өзгертуге көзі ашық, көңілі ояу жергілікті тұрғындар қарсы емес, қолдайды. Аудан атауы өзгергенімен, ауданда ұйғыр тіліндегі мектептер жұмыс істей береді, ұйғыр тілінде газеттер ары қарай шығады, ұйғыр мәдениетінің дамуына да жағдай жасалады, яғни жергілікті жұртшылық үшін бәрі бұрынғыдай сақталады.

Демек, бұл ауданды «Қарадала ауданы» немесе «Шарын ауданы» деп өзгерту туралы қоғамдық бастаманың бірін қолдаған жөн деп санаймыз. Аталған ауданда мысалы, Ілеге құятын атақты Шарын өзені ағады. Ең бастысы, ғаламшарымыздың миллиондаған жылғы дамуының көрінісі әрі мирасы саналатын, бүкіл әлемге танымал, табиғат ғажайыбы – Шарын шатқалы да сонда орналасқан. Оның үстіне Ұйғыр ауданы бұрынғы Шарын болысының негізінде құрылған.
Ұйғыр ауданын Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгерту Болашағы біртұтас ұлт жасауға үлес қосатын қадам дейді қоғам өкілдері. Ең бастысы, халықтың көңіліне кірбің салып жүрген, жоғарыда айтылған теріс факторларды жоюға жол ашады.  Қалай болғанда, Жаңа Қазақстанды құру жолында ел тілегін орындаған, халық қалауына құлақ қойған маңызды. Еліміздегі әр өлкенің атауының өзі ұлттық болмысымызбен біте қайнасып жатқаны ләзім. Жаңа Қазақстандағы жаңғыру жаңа атаудан да бастау алмақ, жаңа атауларымен – тарихқа да жазылып қалмақ. Бұл ұсыныстар туралы не ойыңыз бар, пікір айта отырыңыз, - деді Бақытбек Смағұл.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар