Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің «DQ Team» шығармашылық ұжымы «1001 түн» телебағдарламасына қонаққа келіп, өнерпазбен жұмыс істеудің қыр-сыры мен өзара қарым-қатынастары туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұхбат барысында топтың бек-вокалисі Расул Усманов Димаштың қарапайымдылығы мен уәдеге беріктігін айғақтайтын қызықты оқиғамен бөлісті.
Музыканттың айтуынша, команда құрамына қосылғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, әншімен жеке өміріне қатысты әңгімелесудің сәті түскен. Сол кездесуде Расул Усманов алдағы жоспарларымен бөлісіп, отбасын құруды ниет етіп жүргенін жеткізген. Ол Димаш Құдайбергеннің бұл жаңалыққа қалай жауап бергенін және берген уәдесін қалай орындағанын ерекше тебіреніспен еске алды.
«Мен жазда үйленетінімді айттым. Сонда Димаш «тойыңа барамын» деді. Ол сөзге аса мән бермедім. Алайда жазда ұзату тойы өтіп жатқан күні Димаш хабарласып, мекенжайды сұрады. Сол сәтке дейін сенбедім. Бірақ ол шынымен келді», - деп атап өтті Расул Усманов.