Түркістан облысында зорлау күдігімен аудандық мәслихат депутаты ұсталды, деп хабарлайды ALASH.KZ. Kozachkov_offside телеграм арнасына сілтеме жасап.
Түркістан облысының Полиция департаменті зорлау бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Ал Halyqstan Telegram арнасының жазуынша, ұсталған азамат – Түркістан облысындағы аудандық мәслихаттардың бірінің депутаты Ерғали Аманбаев.
Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.