АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық қарудың қауіпсіздігіне көз жеткізу мақсатында сынақ өткізуді жоспарлап отыр. Болуы ықтимал сынақтар тек оқтұмсықтардың өзіне ғана емес, оларды жеткізу құралдарына да қатысты болмақ. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.
«Трамптың ядролық әлеуетімізді, соның ішінде оны жеткізу жүйелерін қайта сынауға берген уәдесі – әлемдегі басқа елдердің жасап отырған әрекетіне ұқсас. Біз бұл қарулардың жұмысқа қабілетті әрі қауіпсіз екеніне көз жеткізуіміз керек», – деді ол журналистерге.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, Ақ үй Қытайдың ядролық бағдарламасын дамыту қарқынына алаңдаулы. Оның сөзінше, Бейжің тарихта бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өз әлеуетін арттырып жатыр.
Ал әскери саясаттанушылар қауымдастығының сарапшысы, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономика университетінің саяси талдау және әлеуметтік-психологиялық үдерістер кафедрасының меңгерушісі Андрей Кошкиннің пікірінше, АҚШ-та нақты ядролық сынақтардың өткізілуі екіталай. Дегенмен, Еуропада өтетін әскери жаттығулар мен зымырандарды орналастыру әрекеттері Ресей мен АҚШ басшылары арасындағы қарым-қатынасты нашарлатуы мүмкін.