АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Венесуэла арасында «әлем тарихындағы ең ірі» мұнай келісімі жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Трамптың айтуынша, келіссөздер оның тапсырмасы бойынша АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен соғыс министрі Пит Хегсет, Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Дельси Родригес және жеке бизнес өкілдерінің қатысуымен жүргізілген.
АҚШ президенті келісім аясында Америка тарапы Венесуэладағы дәлелденген мұнай қорының 65 миллиард баррельден астамына мажоритарлық бақылау алғанын мәлімдеді.
Трамптың пікірінше, бұл мәміле АҚШ-тың мұнай қорын екі еседен астам арттырып, елдегі мұнай ұсынысын көбейтеді. Оның айтуынша, бұл ұзақ мерзімді перспективада америкалықтар үшін бензин бағасының айтарлықтай төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Алайда келісімнің нақты құқықтық шарттары, АҚШ тарапының бақылау тетіктері және Венесуэланың мұнай активтеріндегі үлесінің қалай өзгеретіні әзірге толық жарияланған жоқ.