АҚШ президенті Дональд Трамптың пәрменімен құрықталған Венесуэланың экс-басшысы қазіргі уақытта Нью-Йорк түрмесіндегі жағдайы белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Оның ұлы таратқан деректерге сүйенсек, бұрынғы диктатор он сегіз адаммен бірге ортақ камерада отырып, бос уақытында тіл үйрену мен рухани дамуға көңіл бөлуде. Жаһан назарын аударған бұл қамаудан кейін Мадуроның абақтыдағы күнделікті тіршілігі мен камераластары туралы тың мәліметтер жарияланды.
Түрмедегі алғашқы кезеңде ол оқшауланған камерада болып, уақытын дене шынықтыруға және жеке күнделік жазуға арнаған. Бір қызығы, оның камераластарының арасында әйгілі рэпер Текаши Сикснайн да болған екен. Қазіргі таңда Мадуро бос уақытында діни мәтіндер мен түрлі бағыттағы әдебиеттерді оқуды әдетке айналдырған.
Камерадағы өзге тұтқындардың басым бөлігі испан тілінде сөйлейтіндіктен, оған қарым-қатынас жасау қиындық тудырмайды. Дегенмен ол тілдік кедергілерді жою мақсатында ағылшын тілін қарқынды түрде үйренуге кіріскен. Сондай-ақ оған теледидар көруге және жақындарымен байланыста болу үшін күн сайын үйіне телефон шалуға рұқсат берілген.