Ақ үй басшысы Франция президенті Эммануэль Макронның басқа еуропалық елдерге ядролық қорғаныс ұсынуға дайын екендігі туралы мәлімдемесіне пікір білдірді. Дональд Трамп барлық елді ядролық қарудан бас тартуға шақырды.
«Барлық ел ядролық қарудан бас тартса, тамаша болар еді. Бізде және Ресейде оның саны өте көп екенін білемін. Төрт-бес жылдан кейін Қытай да сол көрсеткішке жетеді. Егер біз барлығымыз ядролық қарудан бас тарта алсақ, керемет болар еді. Себебі ядролық қарудың күші «ақылға сыйымсыз» болуы мүмкін», – деді АҚШ президенті.
Трамп алғашқы президенттік мерзімінде денуклеаризация бағдарламасын енгізуге тырысқанын, Ресеймен жүргізілген келіссөздерде бұл мәселеде «ілгерілеушілік» болғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл мәселені Қытай басшысы Си Цзиньпинмен де талқылаған көрінеді.
Алайда 2020 жылғы президенттік сайлауда Джо Байден жеңіске жеткеннен кейін бұл мәселе жабулы күйінде қалды, дейді ол.
«Сол себепті біз төрт жылдан соң бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүр болдық. Мен осы бағыттағы келіссөздерді қайта бастағым келеді», - деді АҚШ президенті.
Әлем бойынша АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль ядролық державалар атанған.