Трамп пен Ким Чен Ынның қайта жақындасуы сарапшылар мен шетелдік БАҚ-тың қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Солтүстік Корея лидері Кім Чен Ынмен кездесу жоспары халықаралық саяси ортада үлкен ажиотаж тудырды. Трамптың бұл қадамына қатысты беделді шетелдік басылымдар өз болжамдары мен сараптамаларын жариялауда.
Америкалық The Wall Street Journal басылымы Дональд Трамптың тосын шешімдерге бейім екенін атап өтеді.
«Президент Трамп өзінің импульсивтілігімен ерекшеленеді, ал оның соңғы идеясы - солтүстіккореялық диктатор Ким Чен Ынға қайта көңіл білдіру», - деп жазады басылым.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Ормуз бұғазындағы Иранмен арадағы тығырықтан назарды бұру немесе АҚШ-тың әскери қоры шегіне жеткен тұста Пхеньянды сабырға шақыру әрекеті болуы мүмкін. Сонымен бірге, АҚШ-тың Тынық мұхитындағы әскери тобын кері қайтаруы Қытайдың Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздеріндегі белсенділігін арттыруына жол ашып отыр.
Оңтүстік Кореялық The Korea Herald басылымы Трамптың өзінің алғашқы президенттік мерзіміндегі жеке дипломатияны қайта қолға алуы мүмкін екенін жазады. Алайда Солтүстік Кореяның Ресей және Қытаймен қарым-қатынасы тереңдеген сәтте Ким бұл бастамаға жауап бере ме деген сұрақ ашық қалып отыр. Солтүстік Корея лидерінің қарындасы Ким Ё Чжон: «Солтүстік Корея оқу-жаттығуларды азайтуға қызығушылық танытпайды», - деп мәлімдегенімен, оның мемлекеттер арасындағы жеке байланыстың жақсы екенін меңзеуі Вашингтонмен диалог орнату мүмкіндігін толық жаппайды.
Жапониялық The Japan Times басылымы Трамптың Киммен биыл кездесу ниетін АҚШ Ирандағы соғыста қиындықтарға тап болған сәтте дипломатиялық жеңіске жету ұмтылысы ретінде бағалайды. Дегенмен, 2019 жылы Ханойда өткен Саммит сәтсіз аяқталғаннан кейін Пхеньянды қайта келіссөз үстеліне отырғызу Трамп үшін оңайға соқпайтыны анық.
Катарлық «Аль-Джазира» телеарнасы Трамптың Солтүстік Корея басшысын мақтай отырып, Сеулдегі одақтастарын айыптағанына және бірлескен әскери оқу-жаттығуларды қысқартуды бұйырғанына назар аудартады. Сарапшылар Ирандағы қақтығыс созылып, Украинадағы соғысты тоқтату уәдесі орындалмай жатқан тұста Ким Чен Ынмен өтетін саммиттің кез келген нәтижесі Трамп үшін үлкен саяси ұпай болатынын айтады.