Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Төсекті ұзартуға тура келді": еліміздегі ең бойшаң сарбаз әскердегі төсекке сыймай қалған

16:29, 26 қазан 2025 264

Қазақстан Қарулы Күштеріндегі ең бойшаң сарбаз – Әлішер Назымбек бүгінде Отан алдындағы борышын Маңғыстау облысында өтеп жүр. Бұған дейін аты аталған жауынгер жақында 24.kz арнасына сұхбат беріп, әскердегі қызықты сәттерін бөлісті, деп жазады Alash.kz.

Әлішердің бойы – 2 метр 9 сантиметр. 20 жастағы ол – Ақмола облысының тумасы, кәсіби білім беру ұйымын "Өрт қауіпсіздігі" мамандығы бойынша тәмамдаған. Әскерге өз еркімен келген бойшаң жігіт бала кезінен бойының ұзындығына байланысты қиындық көргенін айтады.

"Менің бойым нағашы атама ұқсаған. Яғни нағашы жаққа тартқан. Үйге кіреберісте сыртқы есіктер болады ғой. Есіктен еңкейіп өтемін және киім табу қиын болады. Мен оларды тапсырыс беріп тіктіртемін. Колледжде оқып жүрген кезімде 2 жыл кикбоксингпен, волейболмен айналыстым", – дейді сарбаз Әлішер Назымбек.

Әлішер – алты балалы отбасының тұңғышы. Айтуынша, інілері де бойшаң. Әскери бөлім басшылығы оған арнайы 49-размерлі аяқ киім мен тапсырыспен тігілген әскери форма дайындаған. Ал ұйықтайтын төсек стандарттан қысқа болғандықтан, арнайы 30 сантиметрге ұзартып берілген.

"Стандарт төсегіміз 190 сантиметр. Солдатымыздың бойы ұзын болғандықтан, төсекті ұзартып 30 сантиметрге создық. Жайлы жатуы үшін бәрін жасап қойдық", – деді рота старшинасы Алпысбай Мұстафин.

Ақтау гарнизонының баспасөз жетекшісі Нұрбол Шалабаевтың айтуынша, теңіз жаяу әскері бригадасына үміткерлер денсаулығы, бойы мен салмағына қарай қатаң іріктеуден өтеді.

"Бұл уақытқа дейін бізде мұндай сарбаздар қызмет атқарған. Бойлары 2,8 метр, 2,3 метр және 2,4 метр болған. Соған орай бригадамыз мұндай әскери қызметшілерге барлық жағынан дайын", – деді ол.

Қазір теңіз жаяу әскері бригадасында 600-ге жуық жас сарбаз "Жас сарбаз" курсынан өтіп жатыр. Олар 15 қарашада ант қабылдау рәсіміне қатысады. Ал ең бойшаң жауынгер Әлішер Назымбек алдағы уақытта жоғары білім алып, офицер болуды мақсат етіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар