Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаевтың 5 жылы: саяси реформалар, сәтті сапарлар, маңызды құжаттар

09:47, 17 мамыр 2024 534

Бүгін – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 71 жасқа толды. Қазақстандықтардың көбі Президенттің туған күнін біле бермейді. Өйткені, Мемлекет басшысы туған күнін тойламайды. Биыл да қуанышты күнін тойлаудан бас тартты.  

Сондай-ақ биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік тізгінін қолына алғанына – 5 жыл. Бір адамның өмірімен немесе бір мемлекеттің даму тарихымен салыстырып қарасақ, өте қысқа уақыт. Ал Қазақстан Президенті бес жылда не атқарды?

Alash.kz сайты Қазақстан басшысының 5 жылда істеген жұмыстарына: шетелдік сапарларына, қол қойған заңдары мен құжаттарына, саяси реформаларына қысқаша шолу жасап көрді.

 

Парламенттің ықпалы күшейді

Тоқаевтың саяси реформаларының ең сүйектісі – Парламенттің ықпалын күшейтуі. Жасыратыны жоқ, бұған дейін Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы салтанат құрған-ды. Биылдан бастап Қазақстанды дамытудың саяси моделі өзгерді, Парламенттің рөлі күшейді. Сөйтіп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы қалыптасты.

Парламенттің ықпалы артумен бірге, Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше болмайтын болды. Бұл да Қазақстан саясатындағы үлкен реформалық өзгеріс. Бұған дейін экс Президент «Отан», кейін «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметтерін қатар атқарып келген. Бұл бір жағынан демократиялық талапқа қайшы. Екіншіден, Президентьің бір партияда болуы сол партияның ықпалын арттырады.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Сарапшылар, мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтынын айтады.

 

Президенттің туыстарына ерекшелік жоқ

Келесі саяси реформаның бірі – Президенттің жақын туыстары саяси басшылық қызметтер атқара алмайды. Тоқаев Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызмет атқаруға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды. ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстанда президенттің ағасы, әпкесі, балалары ұлттық компанияларға басшылық қызметке орналаса алмайтынын атап өтті.

Бұл тәжірибе қайдан туғанын қазақстандықтар жақсы түсінсе керек. Назарбаевтың тұсында экс президенттің жақындары, туыс туғандары шетінен ең ықпалды қызметтерге тағайындалып, Қазақстанды бір отбасы мүшелерінің ықпалындағы мемлекетке айналдырған болатын.

Конституциялық сот реформасы

Президент Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Сондай-ақ бұл институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етіп, азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түспек. Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастады.

Аралас сайлау жүйесі енгізілді

Тоқаев халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы өте төмен екенін, белсенділіктің өте нашар екенін, халық депутаттарды танымайтынын бірнеше мәрте айтты. Сөйтіп, ол аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл барлық азаматтың құқығын толығымен сақтайды. Мәжілістің депутаттық корпусы 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық негізде сайланды. Аралас сайлау жүйесі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауына да енгізілді. Ал аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауын Президент толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды.

Бұдан бұрын сенатта президенттік квота бар болатын, Тоқаев реформасы бойынша осы квота қысқартылды. Ал Мәжілісте бұған дейін болған ҚХА депутаттары да азайды.  

Үш облыс құрылды

Тоқаев билік тізгінін қолға алған бес жылдың ішінде әкімшілік-аумақтық өзгерістерге қол қойды. Яғни Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысы, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысы құрылды.

Бала болашағына қадам жасалды

Тоқаевтың әлеусеттік экономикалық реформасының бірі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы.

Президент Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бала 18 жасқа толғанға дейін баланың есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Биыл 1 қаңтардан бастап кәмелет жасына дейінгі барлық баланың шотына Ұлттық қордан ақша аударылды.

Президенттің сапарлары

Қазақстан президенті бес жылдың ішінде жетпістен астам мемлекетке сапар шекті. Travelpress.kz сарапшыларының мәліметінше, жиі барған мемлекеттердің ішінде – Ресей Федерациясына – 19 рет, Қырғызстанға – 7 рет сапарлаған. Тоқаев Қытайға, БАӘ-ге, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Түркияға және Өзбекстанға 4 рет сапар жасады. Әзірбайжан, Германия және АҚШ –қа – 3 рет барған. Армения, Катар және Сауд Арабиясына 2 рет барыпты.

 

2019 жылы Тоқаев 9 шет елге 12 рет сапар жасады. 2020 жылы коронавирус шектеулеріне қарамастан үш рет ресми шетелдік сапар жасаған. 2021 жылы Тоқаев шетелге 10 сапар жасап, 7 елде, соның ішінде Ресей, Тәжікстан, Түркіменстанда болып, әрқайсысында екі реттен сапарлаған. 2022 жылы Қазақстан басшысы шетелдік сапарларға мейлінше жиі шықты. Яғни бір жылдың ішінде – 14 елге, жалпы саны 24 сапар ретсапар шекті. Былтыр Мемлекет басшысы 19 рет шетелге шыққан. Биылдың өзінде Тоқаев бес мемлекетке барып үлгерді. Оның ішінде 4 елге ресми сапармен, қалғандары жұмыс сапары.

Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам құжатқа, оның ішінде 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойған.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар