Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаев немересінің Мәскеудегі пәтері мен екінші азаматтығы анықталды

18:30, 25 қазан 2025 279

Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Алтай Асқардың Кипр азаматтығын алып, Мәскеудегі "Москва-Сити" мұнарасынан қымбат пәтер иеленгені анықталды. Тергеу дерегінше, ол Кипрдің инвестициялық азаматтық бағдарламасы арқылы 2019 жылы шамамен 1 миллиард теңге төлеп "алтын паспорт" алған. Бұл туралы  Alash.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Тимур мен Динара Құлыбаевтардың үлкен ұлы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Алтай Асқар Кипр азаматтығын алған байлар қатарынан табылды. Ол азаматтық алу туралы өтінішті 2019 жылы, Кипрдің инвестициялық азаматтық беру бағдарламасы жабылардың алдында тапсырған. Бұл құжат оған шамамен 1 миллиард теңгеге түскен.

Кипр үкіметінің ресми басылымында Алтай Асқардың азаматтық алуға өтініш бергені жарияланған. Нәтижелер ресми түрде көрсетілмесе де, сол уақытта Кипр билігі әлемнің түкпір-түкпірінен келген дәулетті адамдардың барлығына дерлік оң жауап берген. Кейін белгілі болғандай, бұл бағдарлама арқылы өз елінде іздеуде жүрген тұлғалар да азаматтық алып үлгерген.

Мұндай жағдайлар Еуроодақ билігін қатты алаңдатқан. 2020 жылыAl Jazeera телеарнасы жүргізген тергеу нәтижесінде осы фактілер ашықталған соң, 2020 жылдың қарашасында Кипр "алтын паспорттар" бағдарламасын жауып тастады.

Бағдарлама бойынша азаматтық алу үшін негізгі өтініш иесі 2,5 миллион еуро инвестиция салуы тиіс еді. 2019 жылғы бағам бойынша бұл шамамен 1,07 миллиард теңгеге тең. Осылайша, Алтай Асқар Қазақстан заңнамасына қайшы келетін екінші азаматтыққа ие болған.

Қазір Кипрде керісінше процесс жүріп жатыр, билік заңсыз алынған "алтын паспорттарды" кері қайтарып, 150-ге жуық адамның азаматтығын жойды. Олардың қатарында Kazakhstan Kagazy компаниясының бұрынғы бас директоры Мақсат Әріп те бар. Оны 2024 жылдың наурыз айында БАӘ-де Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық бюросының сұрауы бойынша ұстаған.

Сондай-ақ, Кипр азаматтығынан айырылғандар арасында ресейлік олигархтар Олег Дерипаска, Алексей Кузьмичев, Михаил Гуцериев, Вадим Мошкович, сондай-ақ өзбекстандық миллиардер Алишер Усмановтың әпкесі Гүлбахор Исмаилова және украиналық кәсіпкер Игорь Коломойский бар.

Алтай Асқардың тек Қазақстан мен Кипр азаматтығы ғана емес, Швейцарияның резиденттік картасы да бар. Ол бұл елді өз тұрғылықты жері ретінде көрсетіп, әкесі Тимур Құлыбаевтың серіктесі Бахаридин Аблазимовпен бірге америкалық ORBI стартапына инвестиция салған.

Құлыбаевтар Швейцарияда әйгілі Bellerive қамалының иесі. 2024 жылы Женева прокуратурасы осы мүліктің сатып алыну тарихына қатысты тергеу бастаған. Тергеу барысында қамалға жұмсалған қаржының заңдылығы тексерілуде. Бұған дейін Во кантонының соты Құлыбаевтарға Fleur du Lac қонақүйін қайта салуға берілген рұқсатты жойған еді.

Ал Мәскеуде Алтай Асқардың "Меркурий" мұнарасында (Moscow-City) пәтері бар. 47-қабаттағы, 114,5 м² көлеміндегі бұл апартаменттен Мәскеу өзені мен Қызыл Пресня саябағы көрінеді. Мұндай пәтерлердің нарықтағы орташа бағасы 60 миллион рубльге, яғни 400 миллион теңгеге жуық.

Бұдан бөлек, Дубайда Алтайдың одан да қымбат жылжымайтын мүлкі бар Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences тұрғын кешенінде орналасқан 633 м² көлеміндегі апартамент. Оның бағасы шамамен 2 миллиард теңге. Айта кетсек, Алтай Асқар жақында 35 жасқа толады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар