Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Қос басшының тілдесуіне қатысты хабарламада:
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті, делінген.
Сонымен қатар, мемлекеттердің басшылары қазақ-қырғыз қатынастары барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Алдағы уақытта Қырғызстан Президенті жақын арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келмек.