Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев Қаринге Конституцияны халыққа түсіндіруді тапсырды

13:33, 24 қыркүйек 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринге жаңа Конституцияның ережелері мен негізгі қағидаттарын халыққа түсіндіру және оны кеңінен дәріптеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.

Тоқаевтың айтуынша, азаматтар Конституцияда бекітілген нормаларды жақсы біліп, оларды күнделікті өмірде қолданған сайын Ата заңның қоғамдық маңызы арта түседі.

«Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуы тиіс. Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституцияны халық арасында түсіндіру мен насихаттау жұмысына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл міндетті формалды түрде орындауға болмайды.

Осыған байланысты Тоқаев аталған жұмысты үйлестіруді вице-президент Ерлан Қаринге жүктеді.

«Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тікелей баяндайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция ұлттық идеологияға қатысты ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқан пікірталастарға нүкте қоюы қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы бұл тапсырманың жаңа Конституцияның мазмұнын қоғамға жан-жақты түсіндіру және оның негізгі құндылықтарын кеңінен таныту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар