Өскемендегі жеке секторда орналасқан тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт қайғылы оқиғамен аяқталды. Қызыл жалын салдарынан 30 жастағы азамат көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Төтенше жағдай кезінде 70 шаршы метр аумақты шарпыған өрт үй ішіндегі мүлікті түгелдей күлге айналдырып, баспананы пайдалануға жарамсыз етіп кетті. Кейін белгілі болғандай, сырқаттанып жүрген үй иесі бұл уақытта ауруханада емделіп жатқан, ал қаза тапқан марқұм оның танысы болып шықты.
Құтқарушылардың хабарлауынша, дабыл қоңырауы кеш түскендіктен, өрт сөндіру бөлімшелері жеткенде жалын үйді толықтай шарпып үлгерген. Марқұмның денесі үйдің қирандылары арасынан суырып алынды.
Оқиғаның мән-жайы туралы Өскемен қаласы ТЖБ бас маманы Дина Бексұлтанова:
«Жанып жатқан тұрғын үйден қаза тапқан адам табылды. Өрттің алдын ала себебі — оттың қауіптілігін ескермей, пайдалану», — деп мәлімдеді.
Осы қайғылы жағдайдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарынан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.