Ақмола облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізіп, бірнеше рет бейәдеп сөз қолданған 18 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Alash.kz.
Полиция мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Тексеру кезінде Ерейментау қаласының тұрғыны Аяулым Жүсіпованың тікелей эфир кезінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны белгілі болған.
Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері оған қатысты әкімшілік материалдар рәсімдеді. Істі қараған сот шешімімен қызға айыппұл салынды.
Полиция өкілдері азаматтарды интернет кеңістігінде де әдеп нормаларын сақтауға шақырды. Ведомствоның ескертуінше, әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізу кезінде бейәдеп сөздер қолдану да заң талаптарын бұзуға жатады. Мұндай әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жарияланымдар мен тікелей эфирлер кезінде өз сөздеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.